Дәрігерлер шақыртуға таксимен барып жүр – Аймағамбетов

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов облыстық жедел жәрдем станциясының фельдшерлерімен, дәрігерлерімен және жүргізушілерімен кездесті. Кездесу барысында саланың өзекті мәселелері талқыланып, мамандардың ұсыныстары тыңдалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Депутаттың айтуынша, әңгіме ерекше ашық форматта өткен:

«Облыстық жедел жәрдем станциясында фельдшерлермен, дәрігерлермен және жедел жәрдем жүргізушілерімен кездестік. Әңгіме ашық әрі шынайы өтті»- деп жазды депутат. 

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚОРҒАУ ЗАҢЫ

Кездесуде алдымен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заң талқыланды. Бұл заң ең алдымен жедел жәрдем бригадаларына қарсы жасалатын шабуылдардан қорғауға арналған.

«Бұл, ең алдымен, жедел жәрдем жүргізушілерін, фельдшерлерді, дәрігерлер мен медбикелерді қорғауға бағытталған шешім. Заң медицина қызметкерлеріне қарсы шабуылдар мен зорлық-зомбылықтан қорғауды көздейді» - деп жазды депутат. 

Онымен бірге сақтандыру жөніндегі түзетулер де сөз болды.

БЮДЖЕТКЕ ҚОСЫМША ҚАРАЖАТ БӨЛІНДІ

Депутат жедел жәрдем қызметін қаржыландыру мәселесіне де тоқталды.

«2026 жылға арналған бюджетті бекіту барысында Мәжілістегі біздің комитет жедел жәрдем қызметіне қосымша 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлу туралы түзету беріп, бұл қаражат бөлінді» - деп жазды депутат. 

Оның айтуынша, көптеген өңірлерде жедел жәрдем көліктері мен бригадалардың тапшылығы әлі де өзекті.

ТАКСИМЕН БАРАТЫН ДӘРІГЕРЛЕР

Депутат қазіргі ахуалдың күрделілігін ашық жеткізді:

«Кейбір өңірлерде нормативтермен салыстырғанда тапшылық соншалық, дәрігерлер шақыртуға таксимен баруға мәжбүр» - деп жазды депутат. 

Сонымен қатар жалақы, материалдық-техникалық база бойынша да шешімін күтетін мәселелер бар екені айтылды.

ҚЫТАЙДА ЖАСАЛҒАН КӨЛІКТЕРГЕ НАРАЗЫЛЫҚ

Жүргізушілердің басты шағымдарының бірі – жаңа сатып алынып жатқан көліктердің сапасы.

«Солтүстік өңірлерде жүргізушілер ашық айтады: мұндай көліктерге қызмет көрсетуге бірнеше есе көп шығын кетеді, қосалқы бөлшектерді ұзақ күтуге тура келеді, ал сапасы көңіл көншітпейді» - деп жазды депутат. 

Тіпті кейбір өңірлерде көлік таңертең оталмай қалмас үшін түнде сөндірілмей қойған жағдайлар бар екені айтылды.

САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ПРОБЛЕМА

Жүргізушілер азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырудың қиындығын да көтерген.

Жедел жәрдем көлігінің ерекшелігі – жоғары жылдамдық пен шұғыл шақыртулар. Сол себепті сақтандыру компаниялары келісім-шарт жасауға құлықсыз екені айтылды.

Аймағамбетов жедел жәрдем саласын толық талдаудан өткізіп, ақпаратты ашық жариялау жоспарланып отырғанын айтты.