"Жыл қорытындысы": "Самұрық-Қазына" 18,5 млн теңгеге банкет өткізген

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

«Самұрық-Қазына» қоры Астанада қызметкерлері үшін 18,5 млн теңгеге банкет өткізгені жөніндегі ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кеш қалай өтті?

Аноним Telegram-арналарда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 12 желтоқсанда қызметкерлеріне арнап The St. Regis Astana қонақүйінде банкет ұйымдастырғаны туралы ақпарат тарады. Жарияланған сметада іс-шара «корпоративтік кеш» ретінде көрсетілген. Сипаттамасына қарағанда, бұл шынымен де корпоративке ұқсас болған: би алаңы, коктейль, фотоаймақ және, әрине, қызыл кілем болған.

Қонақтарға лайм кремімен берілген албырт сашимиі, өгіз тілінен жасалған салат және өзге де деликатестер ұсынылған. Негізгі тағамдар екеу болған — бірі еттен, екіншісі балықтан. Тамаққа барлығы 6,3 млн теңге жұмсалған. Сусындар арзанырақ шыққан — 5,4 млн теңге. Дегенмен қонақтар жеміс шырындары, газдалған сусындар мен минералды судан бөлек, қызыл шарап пен Hennessy коньягын да ішкен. Айта кетейік, банкет қонақтарының арасында қордың топ-менеджерлері, соның ішінде басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов та болған.

Корпоратив емес, іскерлік іс-шара

Қордың баспасөз қызметі банкет өткенін жоққа шығармады. Алайда бұл корпоратив емес, «жыл қорытындысын жасау» екенін атап өтті.

— «Самұрық-Қазына» АҚ 2025 жылғы 12 желтоқсанда қызметкерлері үшін іс-шара өткізді. Бұл қорда жыл сайын өткізілетін дәстүрлі жыл қорытындысы. Оған әдетте барлық қызметкер қатысады, кездесуде өткен жылдың нәтижелері талқыланып, келесі жылға арналған мақсаттар мен басымдықтар айқындалады, — деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Қор 2025 жыл оң нәтижелермен аяқталғанын да атап өтті. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, атап өтетін де, соған қаржы жұмсауға мүмкіндік те болған.

Корпоратив жоспарланбаған

Бұған дейін, желтоқсан айының соңында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов Ulysmedia.kz-ке ұлттық компанияда корпоратив өткізілмейтінін айтқан еді. Белгілі бір мағынада ол шындықты айтты: сол кезде Астанадағы банкет өтіп кеткеніне екі аптаға жуық уақыт болған.

Ол кезде Ауғанов «жыл қорытындысын шығару» дәстүрі бар екенін ғана атап өтіп, оның қайда және қандай форматта өтетінін нақтыламаған.

— Бізде жыл сайын жыл қорытындысын шығару, жаңа жылға арналған жоспарлар мен міндеттерді талқылау дәстүрі бар, — деген еді ол.

Ал өткен жылы заң талаптарына қайшы түрде «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің мүшесі болып тағайындалған SKAI нейрожүйесінің бұл «жыл қорытындысына» қатысқаны-қатыспағаны белгісіз күйінде қалды.