Теңізде мұнай өндіру тоқтатылды

Сырым Қаржас
Gov.kz

Қазақстандағы ең ірі кен орындарының бірі — Теңізде трансформатордың жануынан кейін электрмен жабдықтауда ақау туындап, мұнай өндіру уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

САҚТЫҚ ШАРАСЫ

«Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметі қауіпсіздік мақсатында Теңіз және Королевское кен орындарында мұнай өндіру уақытша тоқтатылғанын растады.

— Бұл шешім өндірістік нысандардағы электр энергиясын тарату жүйесінің кейбір бөліктеріне әсер еткен жағдайға байланысты қабылданды. Зардап шеккендер жоқ, ал қызметкерлердің қауіпсіздігі компания үшін ең жоғары басымдық болып қала береді. ТШО-ның техникалық қызметтері оқиғаның бастапқы себебін анықтау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, — деп мәлімдеді «Теңізшевройл» өкілдері.

Компания өкілдері оқиғаның салдарын мүмкіндігінше тезірек жоюға күш салып жатқанын және жағдайға кері әсер ететін факторларды азайту үшін мемлекеттік органдармен тығыз байланыста екенін атап өтті.

— Теңіз кен орны және барлық өндірістік нысандар қауіпсіз күйде, сенімді қорғауда, — деп сендірді ТШО.

«Теңізшевройл» Теңіздегі мәжбүрлі тоқтауға байланысты Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі қаншалықты қысқаруы мүмкін екенін әзірге нақтылаған жоқ. Сондай-ақ өндірістің қанша уақытқа тоқтатылатыны да белгісіз.

ТЕҢІЗДЕГІ ОҚИҒА

18 қаңтар күні таңертең Теңіз кен орнындағы үшінші буын зауытында трансформатор өртенді. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, алайда қызметкерлер қауіпті аймақтан уақытша эвакуацияланды. Зауыт рециркуляция режиміне көшірілді.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы нақтыланып жатыр.