Қазақстанда асфальт жолдан бас тартпақ

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Қазақстанда шағын елді мекендерге апаратын жолдарды салу тәсілін қайта қарау жоспарланып отыр. Асфальт төсемінің орнына сапалы қиыршық тас жолдары салынады. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖОЛДАРДЫҢ ҰЗЫНДЫҒЫ ЖӘНЕ ҚҰНЫ

Министрдің айтуынша, тірек ауылдардан шағын ауылдарға және олардың арасындағы жолдардың жалпы ұзындығы шамамен 35 мың шақырымды құрайды. Осы учаскелерге жауапты әкімдіктер көбіне асфальт жол салуға тырысады, алайда оның құны тым жоғары.

«Асфальт жол қиыршық тас жолынан 6–10 есе қымбатқа түседі. Құрылыс басталады, бірақ қаражат қиыршық тасқа да жетпей қалады. Сондықтан қазір жаңа бұйрық дайындалып жатыр. Соған сәйкес, шағын ауылдарда асфальттың орнына сапалы әрі нормативке сай қиыршық тас жол салу тиімді», – деді министр.

АСФАЛЬТ ЖОЛДАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ

Сауранбаев ауылдық жерлердегі асфальт жолдарды күтіп ұстау қиын екенін атап өтті. Оның сөзінше, жолда шұңқырлар пайда болғанда жүргізушілер көліктерін бүлдіріп алмау үшін жиі жол жиегімен жүруге мәжбүр болады.

«Жергілікті атқарушы органдардың асфальт жолдарды тиісті деңгейде ұстап тұруға бюджеті жеткіліксіз», – деп түсіндірді министр.

ЖАҢА БАҒДАРЛАМА

Жаңа бағдарлама бойынша елді мекендерге апаратын жол мәселесі толық шешілмек. Қиыршық тас жолдар салынып, барлық ауылдарға қолжетімді жолдар жасалады. Құжат дайындалып қойды, енді мақұлданған соң билік іске кіріспек.