«Студент оқу орнына пышақ алып кірді»: депутат білім беру мекемелеріндегі күзет мәселесін көтерді

Рая Минап
Ulysmedia коллажы

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселелеріне қатысты Премьер-Министрдің орынбасары Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІН ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР КҮЗЕТЕДІ

Депутаттың айтуынша, тақырып әлі күнге дейін өзекті және шұғыл назар аударуды талап етеді.

- Отандық білім беру мекемелерінің қоғамдық қауіпсіздігі халықты қатты алаңдатып отыр. Себебі бұл – балалардың, студенттер мен педагогикалық қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты мәселе.  Білім беру мекемелеріндегі, әсіресе, балабақшалар мен мектептердегі күзет жағдайы баса бақылауды талап етеді. Көп жағдайда мұндай функциялар формальды сипатта ғана, ал іс жүзінде оны көбінесе зейнет жасындағы адамдар атқарып жүр. Мұндай жағдай көбіне жалақының төмендігінен туындап отыр. Соның салдарынан бұл жұмысқа білікті мамандарды тарту қиын, - дейді депутат.

ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ЗАТТАРДЫ АНЫҚТАЙТЫН ТЕКСЕРУ ҚҰРАЛДАРЫ ЖОҚ

 Самат Нұртазаның айтуынша,  бүгінгі таңда, білім беру мекемелерінің ғимараттарына кіру режимін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілі жоқ. Бұл, өз кезегінде, қауіпсіздікке нақты қатер төндіреді.

- Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің көбінде ғимаратқа тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуін анықтайтын техникалық тексеру құралдары, соның ішінде металл детекторлар жоқ екенін атап өткім келеді. Соның бір мысалы ретінде жақында Алматы қаласындағы университеттердің бірінде болған сұмдық жағдайды айтсақ болады. Студент оқу орнына пышақ алып кіріп, оқытушыны жарақаттаған.  Биылғы жыл ішінде білім беру мекемелеріне жасалғалы жатқан «шабуылдар», қастандықтар туралы жалған ақпараттар мен қауесеттердің бірнеше рет тарағаны да алаңдатады. Мұндай хабарламалар әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түрде жарияланып, ата-аналар, студенттер мен ұстаздар арасында жаппай үрей туғызды, - дейді депутат.

Самат Нұртаза осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті формальды емес, нақты күшейтуге бағытталған кешенді әрі пәрменді шараларды қабылдауды ұсынды.

«1. Меншік нысанына қарамастан, барлық білім беру ұйымдары орындауға тиісті, білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай стандарты әзірленіп, енгізілсін. 2. Балабақшалар мен мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар ұйымдармен ғана шарттар жасасу көзделсін.3. Еліміздің барлық білім беру мекемелерінде, соның ішінде балабақшаларда техникалық тексеру құралдарын міндетті түрде енгізу туралы талап белгіленсін.4. Білім беру мекемелері орналасқан аудандарды патрульдеу күшейтілсін», - деді ол.