Ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың келіні Жаңагүл Өмірбекова әлеуметтік желіде тараған видеоға байланысты көпшілікке үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Оның айтуынша, қазір Мұхтар Шахановтың денсаулық жағдайы өте ауыр.
– Атаның қазіргі жағдайы өте ауыр, айтқанын бір сәттен кейін ұмытып қалатын науқас күйде. Жақында ғана екінші ұлынан айырылған адамның психоэмоционалдық жағдайының қаншалықты ауыр екенін біреу түсінсе, біреу түсінбейді, – деп жазды ол.
Жаңагүл Өмірбекова Мұхтар Шаханов қазір қоғамда болып жатқан жағдайлардан мүлдем бейхабар екенін айтып, оған тыныштық беруді өтінді.
Мәлімдемеде Мұхтар Шахановтың ұлт алдындағы еңбегі ерекше аталып өтті.
– Ұлтына өлшеусіз еңбегі сіңген, ана тіліне өмірін арнаған Атамызды бір видеоға бола қарғап-сілеудің, қаралаудың ешқандай негізі жоқ. Мұхтар Шаханов өз ұлтының алдында адал перзенті болып мәңгі тарихта қалатын тұлға!, – делінген үндеуде.
БҰҒАН ДЕЙІН
Мәдениет және ақпарат министрі, премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева жаңа Конституция жобасын талқылау аясында қоғамда жалған ақпарат тарату және арандатушылық әрекеттер күшейгенін мәлімдеді.
Аида Балаева арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашып жатқанын айтты.
– Арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашқан (мысалы, Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және өзге де тұлғалардың атынан ашылған фейк-аккаунттар арқылы тіл, жерді сату секілді мәселелер бойынша арандатушылық ақпарат пен үндеулер жариялануда), – деп жазды министр.
МҰХТАР ШАХАНОВ
Мұхтар Шаханов — қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері және публицист. Ол шығармаларында ұлттық рух, тіл тағдыры мен адамзаттық құндылықтарды кеңінен қозғады. Шаханов ұзақ жылдар бойы қоғамдық-саяси мәселелерге белсенді араласып, мемлекеттік тіл мен ұлттық мүдде тақырыптарын батыл көтерген тұлға ретінде танылды. Қазақстанның халық жазушысы атанып, әдебиет пен қоғам саласындағы еңбегі үшін бірқатар марапаттарға ие болған.
Еске салайық, 2025 жылғы қарашада Мұхтар Шахановтың ұлы Қуаныш Шаханов ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін дүниеден озғанын хабарлаған едік. Ал 2021 жылы ақынның Рауан Шаханов есімді ұлы қайтыс болған еді. Былтыр сәуірде ақынның бұрынғы әйелі Розалинда Шаханова 74 жасында өмірден өтті.