Депутат Сабуровқа Ресейді ашық қолдауға кеңес берді

Сырым Қаржас
Фото: ВКонтакте

Ресейдің мемлекеттік дума депутаты Виталий Милонов стендап-комик Нұрлан Сабуровқа Украинаға қарсы соғыста Ресейді көпшілік алдында қолдауға шақырды. Оның пікірінше, бұл елге кіруге салынған тыйым мәселесіне әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мәлімдемеге себеп — Сабуровтың Ресейге 50 жыл мерзімге кіруіне тыйым салынуы. Бұған дейін комиктің Дубайдан ұшып келген соң Мәскеудегі Внуково әуежайында ұсталып, елге кіргізілмегені хабарланған. Жағдайды түсіндіре отырып, Милонов «рухани салқынқандылық» өмірде түрлі қиындықтарға алып келетінін айтты.

– Әзілкешке байыпты болып, Украина қақтығысында елімізді ашық әрі дауыстап қолдауға кеңес берер едім. Осындай ұстаныммен Ресейге кіру мәселесі әлдеқайда тезірек шешіледі деп сенемін, – деді Милонов РИА Новости-ке берген пікірінде.

КОНТЕКСТ

Тыйым салу туралы жаңалықтардан кейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде Сабуровтың Ресей жағында соғысып жүрген «Вагнер» бөлімшесіне 10 мотоцикл табыстағаны бейнеленген видео пайда болды. Осыған байланысты белсенді Марат Тұрымбетов Бас прокуратураға комиктің әрекеттеріне құқықтық баға беруді талап етіп, арыз жолдады. Сондай-ақ мамандар тараған видеонын түпнұсқалығын тексергені айтылды. Кейінірек Сабуровқа қатысты жағдайға Қазақстанның ҰҚК де қызығушылық танытуы мүмкін екені хабарланды.