Жаңа Конституция жобасында Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді деп көрсетілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді
- Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады, – делінген 94-бапта.
95-бапта “1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтатады” делінген.
Құрылтай сайлауы екі ай ішінде өткізіледі
Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауын жариялауға тиіс және ол екі ай ішінде өткізілуге тиіс.
Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың келісімімен Вице-Президентті тағайындауға тиіс.
Конституциялық Сот Төрағасы мен судьялары бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде тағайындалуға тиіс.
1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес тағайындалған Конституциялық Сот Төрағасы мен судьялары Конституциялық Соттың жаңа құрамы қалыптастырылғанға дейін өз өкілеттігін сақтайды.
Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде тағайындалуға тиіс.
1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес тағайындалған Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның жаңа құрамы қалыптастырылғанға дейін өз өкілеттігін сақтайды.
Жоғарғы Сот Төрағасы, Ұлттық Банк Төрағасы, Бас Прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституция күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде тағайындалуға тиіс.
1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес сайланған (тағайындалған) Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттың судьялары, мәслихат депутаттары, өзге де лауазымды адамдар өз өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген негіздер бойынша өкілеттігі тоқтатылғанға дейін сақтайды.
Бұған дейін Конституцияның жаңартылған нұсқасы жарияланды.