2026 жылдың қаңтар айында Ресейдің майдандағы шығындары әскери келісімшартпен қызметке алынған сарбаздардың санынан асып түскені хабарланды. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне батыс барлау органдарының деректерімен таныс дереккөздер мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
2026 жылдың қаңтар айында Ресейдің Украинадағы соғыстағы шығындары әскери келісімшартпен қабылданған жаңа сарбаздардың санынан асып кеткені хабарланды. Бұл туралы 11 ақпанда Bloomberg агенттігі батыс барлау органдарының деректерімен таныс дереккөздерге сілтеме жасап жазды.
Дереккөздердің мәліметінше, қаңтар айында Ресейде әскерге келісімшартпен 9 000 адам кем шақырылған, яғни майдандағы шығындарды толық өтеуге жетпеген. Ал 2025 жылдың желтоқсанында жаңа сарбаздардың саны шығынға ұшыраған әскери құрамға жуық болған. Дегенмен қыста Ресей әскерінің Украинадағы шығындары елеулі түрде артқан.
Bloomberg дереккөздері Украинаның жаңа қорғаныс министрі Михаил Федоров ұсынған стратегия (Ресей әскерінің ай сайынғы шығынын 50 мың адамға жеткізу) белгілі бір дәрежеде нәтижесін беріп жатыр деп болжайды. Бұл жағдайда Кремль жаңа мобилизация мәселесін қарауға мәжбүр болуы мүмкін.
Контекст
Мәскеудің майдандағы жетістіктер туралы мәлімдемелеріне қарамастан, Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) сарапшылары Ресейдің шығындары айтарлықтай жоғары екенін, ал басып алған территориясы мүлдем аз екенін айтады.
Сарапшылар есебінше, Ресей 2022 жылдан бері майдан даласында 1,2 миллион сарбазынан айырылған. Оның ішіне қаза тапқандар, жараланғандар мен із-түссіз кеткендер де бар. Былтырғыжылы Ресей армиясының шығыны 425 мың адамды құраған. Бұл шамамен айына орта есеппен 35 мың адам.
Ресей мен Украина әскерлерінің жалпы шығыны 1,8 миллион адамға жеткен. Бұл көрсеткіш көктемге қарай 2 миллионға жетуі мүмкін.