Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мемлекеттік аудитінің қорытындылары 2-3 айдан кейін жарияланады. Бұл туралы Сенат кулуарында Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘМС-ке жүргізіліп жатқан аудит екі-үш айға созылады
Талқылауға денсаулық сақтау мен білім беру салаларында жүргізілген тексерулердің алдын ала нәтижелері себеп болды. Онда бірқатар заңбұзушылық анықталған. Журналистер алдағы уақытта ең өзекті мәселелер бойынша мәлімдеме жасала ма, соның ішінде жалған медициналық қызметтер үшін төленген қаражатты қайтару мәселесінде ашықтық қамтамасыз етіле ме деген сұрақ қойды.
Темірбеков МӘМС-ке жүргізіліп жатқан аудиттің енді ғана басталғанын және бірнеше айға созылатынын айтты.
-Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бойынша мемлекеттік аудит енді басталды. Бұл шамамен екі-үш ай уақыт алады. Біз анықтаған барлық материалдар жарияланады. Нақты деректер Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің жұмысы аяқталғаннан кейін белгілі болады. Қазір олар туралы айту ерте, себебі тексеріс әлі жүріп жатыр, – деді вице-министр.
Ер адамдарға жатыр мойыны обырына скрининг жасалған
Сондай-ақ Қаржы министрлігіне бюджеттен жалған медициналық қызметтерге, соның ішінде «қосып жазу» және ер адамдарға жатыр мойыны обырына жасалған жалған скринингтер сияқты жағдайларға төленген қаражат қайтарыла ма деген сұрақ қойылды.
- Құқық қорғау органдары анықтаған және анықтап жатқан барлық жағдайлар олардың тарапынан тергелуде. Біз анықтаған фактілер де құқық қорғау органдарына жолданады. Қаражатты қайтару және жауапкершілікке тарту – олардың құзыретінде. Біздің міндетіміз – мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу, жүйелі “белгілерді” орнатып, осындай фактілердің болмауын қамтамасыз ету», – деді Темірбеков.
МӘМС-тегі былықтар
Еске сала кетейік, бұған дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүргізілген тексеріс жүйедегі үлкен заңсыздықтарды анықтаған еді. Мәселен, Астанадағы бір дәрігер бір күнде 1 442 науқасты қабылдағаны көрсетілсе, тағы бір дәрігер бір айда 4 832 қабылдау жасағаны тіркелген. Құжаттарда қайтыс болған адамдарға медициналық қызмет көрсетілгені жазылған, сондай-ақ жүздеген мың скрининг пациенттің жынысына сәйкес келмеген – мысалы, ер адамдарға маммография жасалғаны көрсетілген. Бұдан бөлек, балаларға дәрілерді жаппай жазып беру және бір адамға бір күнде мыңдаған препарат "жазылған" жағдайлар анықталған.