Алматыда сот мәслихат депутаты Тимур Елеусізовтің Салтанат Тәшимоваға қарсы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Депутат оны әлеуметтік желідегі жазбасымен ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтірді деп танып, сотқа жүгінген еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сот талқылауына 2025 жылғы 10 қазанда жарияланған жазба түрткі болды. Онда белсенді депутаттың өзіне жала жапқанын және Баум тоғайын абаттандыру жобасына қатысты тұрғындармен кездесуде өзін орынсыз ұстағанын айтқан. Елеусізов бұл мәлімдемелерді қорлау деп санап, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы талап-арыз түсірген.
ДЕПУТАТ ЖЕҢІЛДІ
Сот шешіміне сәйкес, Елеусізовтің Тәшимованы Facebook-тегі жазбасын өшіруге, кешірім сұратуға және моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге міндеттеу туралы талаптары қанағаттандырылған жоқ. Сот талап-арызды толықтай кері қайтарды.
– Ол өз айыптауларын дәлелдей алмады. Бұл әлі түпкілікті жеңіс емес, мен ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау жөнінде қарсы талап-арыз беріп, кеткен сот шығындарын өндіріп аламын! – деп жазды Салтанат Тәшимова әлеуметтік желіде.
ЖАНЖАЛ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ
Депутат пен белсендінің арасындағы дау Алматыдағы ең ірі жасыл аймақтардың бірі – Баум тоғайына қатысты ұзаққа созылған пікірталас аясында туындаған. Билік бұл аумақты абаттандыруды жоспарлап отыр: жаяу жүргіншілер жолдарын, жарықтандыру мен инфрақұрылым салу көзделген. Ал белсенділердің бір бөлігі мұның соңы ағаштардың кесілуіне және коммерциялық құрылысқа жол ашуы мүмкін деп алаңдайды. Баум тоғайы – мемлекеттік табиғи ескерткіш, сондықтан оның экожүйесіне зиян келтіруі мүмкін кез келген жұмыстарға тыйым салынғанын сол кезде Салтанат Тәшимова мәлімдеген еді.