"Екіжақты қарым-қатынастарымыз бұрыңғыдан да мықты" - АҚШ елшісі Қазақстан туралы

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қазақстандағы АҚШ елшісі Джули М. Стафф Қазақстан мен АҚШ-тың қарым-қатынасы туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Елші АҚШ-пен тарихи деңгейдегі екіжақты қарым-қатынас орнатуға әлеуеті ең үлкен ел ол - Қазақстан екенін атап өтті.

- Астанаға бір ай бұрын келдім. Ауа райы суық болғанымен, қазақстандықтардың, Қазақстан үкіметінің, елшіліктегі әріптестердің ықыласы ерекше жылы болды. Отбасыммен бірге өзімізді өз үйіміздегідей сезініп жатырмыз, – дейді елші. 

Джули М. Стаффтың сөзінше, Америка Құрама Штаттары  – Қазақстанмен ресми дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы мемлекет. 

- Отыз бес жылдай  біз өзара құрметке, ортақ құндылықтарға және жақсы әлемді бірге құру идеясын негізге алған серіктестік орнаттық. Қазақстанның егемендігіне деген біздің адалдығымыз берік. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері бірге қол жеткізген жетістіктеріміз бен дамуымызды мақтан тұтуға толық негіз бар, – дейді ол. 

Елші бүгінгі таңда екіжақты қарым-қатынастар бұрыңғыдан да мықты екенін айтады.

- Бүгін екіжақты қарым-қатынастарымыз бұрыңғыдан да мықты. Президент Трамп пен Президент Тоқаев бір-бірін жақсы таниды. яғни бұл Қазақстанның өңірлік деңгейдегі және әлемдегі беделін көрсететіні анық. Екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастық жалғасын табатын болады. Біз қауіпсіздік, мәдениет және сауда саласындағы байланыстарымызды тереңдетіп, екі ел үшін де бейбіт әрі өркендеген әлем құруға ұмтыламыз, – дейді елші. 

Елші биыл айтулы оқиғалар көп екенін атап өтті. 

- Биыл біз үшін ерекше мәнге ие, өйткені Америка Құрама Штаттары тәуелсіздігінің 250 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр, Әлем чемпионатын өткізеді, 2028 жылғы Лос‑Анджелестегі Олимпиадаға дайындық жасайды және АҚШ‑пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 35 жылдығын атап өтеді.  Осы тарихи жыл аясында бүгін Freedom 250 науқанының басталғанын қуана хабарлаймын. 2026 жыл бойы біз америкалық үздік жетістіктер мен инновацияларға назар аударамыз, сондай‑ақ екі ел арасындағы ұзақ мерзімді достыққа мән береміз. Қазақстанның қаламы жүйрік, ойы ұшқыр өкілдерін АҚШ–Қазақстан қарым-қатынасының тарихын бірге баяндауға және ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін зерттеуге шақырамын. Сіздердің үндеріңіз азаматтарымызға осы серіктестіктің шынайы маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, – дейді Джули М. Стафф.

Елші отбасымен бірге Қазақстанда болғанына аса қуанышты екенін, елдің көркем табиғатын танып, жылы жүзді, шабыт беретін адамдарымен жақынырақ танысқымыз келетінін айтады.