АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт Астанада журналистермен алғаш рет кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Журналистермен әңгіме барысында Джули Стаффт Каспий құбыр консорциумы (КҚК) нысандарына жасалған шабуылдарға қатысты пікір білдірді.
- Біз КҚК-ның маңызын тек Қазақстан үшін ғана емес, америкалық компаниялар үшін де, сондай-ақ бұл мұнайды сатып алатын Еуропа мен әлемдік нарық үшін де жақсы түсінеміз. Сондықтан осы арнаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық серіктестермен және мүдделі тараптармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, — деді дипломат Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, 13 қаңтарда Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумы терминалына бағыт алған қазақстандық мұнай тиелген екі танкерге дрондармен шабуыл жасалған. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл украин дрондары арқылы жасалған болуы мүмкін. Бұл соңғы үш айда Қазақстанның мұнай экспортына жасалған екінші ірі соққы саналады. Осыған байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жағдайға қатысты елеулі алаңдаушылық білдірген.