Ораза - 2026: маңызды сұрақтардың жауабы

Сырым Қаржас
ЖИ / ulysmedia.kz

Ұлысмедиа Рамазан айының қарсаңында маңызды сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

Биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Ал наурыз айының 16-сынан 17-сіне қараған түн – қасиетті Қадір түні. 20 наурыз – ораза айт мерекесі. 

Ауыр жұмыс істейтін адамның ораза ұстамауына бола ма? 

Аузы берік адам ауыр жұмыс салдарынан қатты ашығып-шөлдеп, соның кесірінен өміріне немесе ақыл-есіне қауіп төнетін жағдайға жетсе, оған оразасын бұзуға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда кейін сол күннің қазасын ғана өтейді. Ал егер адам өзін әдейі әлсіретіп, ешқандай шынайы зәруліксіз ауыз ашуға мәжбүр етсе, онда кәффарат өтеуі тиіс.

Сондықтан наубайшы, егінші сияқты ауыр еңбекпен айналысатын жандар оразаны толық ұстауға кедергі келтіретіндей шамадан тыс жұмыс істемеуі қажет. Рамазан айында күндізгі жұмыс көлемін азайтып, мүмкін болса түнгі уақытқа ауыстырғаны жөн.

Сонымен бірге Рамазан күндері ауыр жұмысқа мәжбүр болған адамдар таң атқан бойда оразасын бұза салмайды. Олар сәресін ішіп, аузын бекітеді. Себебі Алла тағала оразаны соңына дейін ұстауға жәрдем беруі мүмкін.

«Әл-Фәтәуә әл-Һиндия» кітабында: «Адам өз жұмысының салдарынан ауыз ашуға рұқсат етілетін зиян келуі мүмкін екенін біле тұра, еш ауырмай және қатты қиналмай жатып оразасын бұзса — бұл харам» деп көрсетілген.

Осыған байланысты ауыр жұмыс істейтін адамның себепсіз оразадан бас тартуына болмайды. Рамазан айының мол сауабынан қағылып қалмау үшін еңбек демалысын осы айға сәйкестендіріп, жұмыс уақытын қысқарту немесе мүмкіндігінше жеңілірек жұмысқа ауысу ең дұрыс шешім болмақ.

Жолда жүрген адамға ораза ұстамауына бола ма? 

Алыс жолға шыққан (шамамен 90 шақырым) жолаушыға рамазан айында ораза тұтпауға рұқсат етіледі.

Сапарда ораза ұстаған дұрыс па, әлде ауыз бекітпеген дұрыс па?

Ораза ұстау жолаушыға қиындық тудырмаса, ораза тұтқаны абзал. 

Намаз оқымаса да ораза қабыл бола ма? 

 

Күніне бес уақыт намаз оқу мен Рамазан айында ораза ұстау – Ислам дінінде бұйырылған жеке-жеке ғибадаттар. Намаз оқымайтын адам да ораза ұстауы мүмкін. Бірақ намаздың қадір-қасиеті жоғары, оны орындамау үлкен күнә екенін де ұмытпаған жөн. Алла Тағала намаз оқымағаны үшін пенденің ұстаған оразасын ескерусіз қалдырмайды, оған тиісті сыйын, сауабын береді. 

Ораза ұстамауға бола ма? 

Рамазан айында ораза ұстау Ислам дініндегі бес негізгі тіреудің бірі саналады.

Рамазан айында ораза ұстау – дені сау, муқим (жергілікті), ақыл иесі және балиғат жасына толған әрбір мұсылманға парыз. Ораза ұстауға ниет ету, оразаны бұзатын істерден сақтану, әйел адамдардың хайз және нифастан таза болуы –оразаның дұрыс орындалу шарттары.

Шариғатымызда екі топтағы адамдарға ораза ұстамауға, оның орнына Рамазанның әрбір күніне підия беруге рұқсат беріледі:

  1. Кәрілік себебінен ораза ұстауға мүлдем жарамайтын, күннен-күнге қуаты әлсіреп бара жатқан жасы үлкен қариялар.
  2. Созылмалы ауруға шалдығып, әдетте түзелуден үмітін үзген және ораза ұстау олардың денсаулығына орасан көп зиян жеткізуі мүмкін болған науқастар.

Осы екі жағдайға түспеген мұсылман адамның Рамазан оразасын тәрк етуі және оның орнына підия беруі мүлдем мүмкін емес. Ораза тұту себебімен жұмыста немесе оқуда сәл қиыншылық көру шариғи үзірге жатпайды.

Биылғы Ораза күндерінің кестесін мына сілтеме арқылы көре аласыз.