Бас мүфти кәсіпкерлерге Рамазан айында азық-түлікті қымбаттатпауды үндеді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Рамазан айында қазақстандық кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне жеңілдік жасауға үндеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды қасиетті айдың басталуымен құттықтап, Рамазан — жүректі тазартуға, ниетті түзеуге, нәпсіні тәрбиелеуге және тақуалыққа жетуге берілген кезең екенін еске салды.

- Оразаның шынайы рухын түсінген адам оның басты мақсатын тек ішіп-жеуден тыйылу деп қабылдамайды. Оразаның негізгі мұраты — жүректі Аллаға жақындату, ой мен жанды жаман қасиеттерден арылтып, ішкі дүниені көркем мінезбен безендіру. Ғасырлар бойы исламды рухани тірек еткен халқымыз қасиетті Рамазан айын ерекше дайындықпен қарсы алады.

Сауабы еселенетін бұл айда жұрт ауызашар беруге, мұқтаж жандарға көмектесуге, үлкендердің батасын алып, алғысын табуға ұмтылады. Осы орайда барша отандастарымды қасиетті айда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысуға шақырамын. Сондай-ақ кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне жеңілдік жасауға үндеу тастаймын. Рамазан айына сәйкес келетін ас беру, еске алу дастархандарын ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауапқа ұмтылайық, — деді мүфти.

Ол сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарында ауызашарға арналған мәзірді қолжетімді бағамен ұсыну да сауапты іс екенін атап өтті.

Ораза - 2026: маңызды сұрақтардың жауабы