Блогерлер Дамир Кушеев пен Руслан Каримов 9 жылға сотталды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Алматыда Дамир Кушеев, Руслан Каримов, Андрей Белянский және Құрманғазы Айтмұқановқа қатысты сот үкімі шықты. Оларға бопсалау айыбы тағылған. Сот процесі барысында айыпталушылардың барлығы тергеу изоляторында отырған. Үкімге айыпталушылардың жақындары қалай үн қатты және не себепті судьяға қатысты біржақтылық күдігі пайда болды? Ulysmedia.kz баяндайды.

Істің фабуласы

2025 жылдың қаңтарында блогерлер кәсіпкер Бахтияр Блаевпен байланысқа шыққан. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар кәсіпкерді өзіне қатысты компроматтық материалдарды жариялаймыз деп қорқытқан. Айыптау тарапының мәлімдеуінше, оның орнына Блаевтан қарызды өндіру талабынан бас тартуды (атқару парақтары бойынша 20 және 23 млн теңге туралы сөз болған), сондай-ақ 18 млн теңгені қолма-қол беруді талап еткен.

Қарапайым тілмен айтқанда, кәсіпкерге екі таңдау ұсынылған: не ірі қарызын қайтару мүмкіндігінен айырылады әрі қосымша ақша төлейді, не болмаса ол туралы жағымсыз ақпарат жарияланады.

Бұдан бөлек, Дамир Кушеевке жеке тағы бір эпизод тағылған. Тергеу дерегінше, ол полиция қызметкерінен 40 мың теңге талап етіп, әлеуметтік желілерде компромат жариялаймын деп қорқытқан. Алайда бұл эпизод бойынша сот Кушеевті ақтап шықты.

Сот шешімі

Прокурор айыпталушылардың әрқайсысына 10 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Айыпталушылар кінәсін мойындамай, толық ақтауды талап етті. Ал жәбірленушілер нақты мерзім беруді сұрады. Іс қаралған бапта 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу көзделген.

Алқабилер төрт айыпталушының барлығын кінәлі деп таныды. Сот әрқайсысына 9 жыл колония жазасын тағайындады. Жеңілдететін мән-жай ретінде айыпталушылардың кәмелетке толмаған балаларының бар екені ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Кушеевтің жұбайы Ақмейір Кушеева қорғау тарапы шешімге шағым түсіретінін мәлімдеді.

— Біз істі қайта қарауға қол жеткіземіз. Бастапқы күннен-ақ Дамир Кушеевке қатысты бұл іс көптеген сұрақ тудыратынын және заңбұзушылық пен жемқорлық тақырыптарын ашық көтерген қоғам белсендісіне қысым жасауға ұқсайтынын айтып келеміз, — деп жазды ол Instagram желісінде.

Процесс неге қайта басталды

Сот талқылауы күрделі өтті. Алғашында процесс шамамен бір айға созылып, үкім шығаруға жақындаған еді. Алайда судья Бақытхан Бәкірбаев алқабилердің бірінің сырқатына байланысты алқаны таратып жіберді. Осыдан кейін іс қайтадан басталып, жаңа судья — Гаухар Шалабаева қарауына берілді. Осы уақыт бойы айыпталушылар тергеу изоляторында қалды.

Қорғау тарапы алғашқы процесте алқабилер ақтауға бейім болғанын мәлімдеді. Адвокат Амир Әкімжанов алқаның таратылу сәтіндегі реакция соны аңғартқанын айтқан.

— Ол кезде сот залында «сотқа қысым көрсетіліп жатыр» деген айқайлар болды. Алқабилер шығып бара жатқанда, қорғау тарапының айтуынша, сегіз адамның барлығы айыпталушыларға қарай бас изеп, істің «қысыммен жабылғанын» меңзегендей болды. Бізде ақтау үкіміне жақындағанда бірден түрлі себеп табыла кетеді: бірде судья ауырады, бірде алқаби, — деген еді адвокат бұған дейін Ulysmedia.kz-ке берген сұқбатында.

Кушеев пен Каримов кімдер

Дамир Кушеев блогерлік жолын велошерулерді жариялаудан бастаған. Кейін ол жемқорлық, қаладағы мәселелер және шенеуніктердің жұмысы туралы жаза бастады. Ал Руслан Каримов ауызсу өндірушілерге қатысты «тексерулер» жариялап, кейбір брендтерді ашық сынға алған.