Дональд Трамп АҚШ-қа әкелінетін барлық импортқа 10% мөлшерінде жаңа баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Бұл тариф қолданыстағы алымдарға қосымша ретінде әрекет етеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Мәлімдеме 20 ақпанда жасалды. Дәл осы күні АҚШ Жоғарғы соты Трамп бұрын енгізген бірқатар баж салығын заңсыз деп таныған еді. Сот 2025 жылы президент көп елге қарсы тарифтерді біржақты тәртіпте енгізу арқылы өз өкілетін асыра пайдаланды деген шешім шығарды. Ол бұл шараларды төтенше экономикалық шаралар туралы заңға сүйеніп қабылдаған.
Судьялардың пікірінше, аталған заңды тек нақты ұлттық қауіп төнген жағдайда ғана қолдануға болады. Ал ауқымды баж салығын енгізу үшін Конгрестің мақұлдауы қажет болған.
Трамп сот шешімін сынға алып, судьялар "шетелдік мүдделердің ықпалында болды" деп мәлімдеді. Сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты деп санайтын тарифтер күшінде қалатынын айтты. Бұдан бөлек, президент бірнеше жаңа тергеу бастау туралы жоспарын айтты, алайда нақты мәлімет бермеді.
Еске салайық, 2025 жылдың сәуірінде Трамп 180 ел мен аумаққа қатысты сауда баждарын енгізетінін жариялаған еді. Оларға АҚШ-пен келіссөз жүргізу үшін үш ай уақыт берілді. Осы кезеңде 10% мөлшеріндегі уақытша мөлшерлеме қолданылды.
Кейін бұл мерзім ұзартылып, тамыз айында жарлық күшіне енді: түпкілікті тарифтер 10%-дан 41%-ға дейін өзгеріп, 69 елге қатысты қолданылды.