Атыраудағы қанды оқиға: Индонезияда ұсталған ер адам мен әйелі екеуі де күдікті

Сырым Қаржас
Фото: qamqor.gov.kz

Атырау облысында ата-енесін өлтіріп, қашып кеткен күйеу бала жұбайымен бірге Индонезияда ұсталды. ІІМ мәліметінше, қазіргі уақытта екеуі де күдікті, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің сөзінше, қазіргі уақытта екеуін елге алып келу мәселесі шешіліп жатыр. 

- Қазіргі таңда тергеу белсенді жүріп жатыр. Қажет сараптамалар тағайындалып, шаралар қабылданып жатыр. Халықаралық іздеу жарияланған кезде Интерпол, Қазақстанның полициясы бірлесіп, арнайы топ құрды. Сол топтың жұмыс нәтижесінде екеуі ұсталды. Екеуі де күдікті, – дейді Санжар Әділов. 

ҰСТАУ

Еске салайық, күні кеше Атырау облысында ата-енесін өлтіріп, қашып кеткен деген күдікке ілінген күйеу бала жұбайымен бірге Индонезияда ұсталған болатын. 

Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қараша айында Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында мәйіттерді шаруашылық құрылысының астына көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген.