Алматыда 13 жасар қызды әкесінің досы зорлаған: балалар омбудсмені не дейді

Рая Минап
Фото: instagram.com/zakiyevadinara

Алматыда мектеп оқушысы жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды. Бұл туралы адвокат Ляззат Рақышева хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Адвокаттың айтуынша, қылмысты қыздың әкесінің танысы, отбасымен араласқан ер адам жасаған. Қыздың ата-анасы ажырасқан. Қазіргі уақытта анасы мас күйінде көлік басқарғаны үшін колонияда жазасын өтеп жатыр.

– Анасына бұл қылмыс туралы ешкім хабарламаған. Тергеу жүргізіліп, іс сотқа да жеткен. Бірақ бірде-бір орган оны құлағдар етпеген. Ол бар болғаны алты ай өткен соң ғана бәрін білген, – деді адвокат.

Осы уақыт ішінде, Ляззат Рақышеваның сөзінше, қызға әкесі, туыстары және күдіктінің адвокаты тарапынан психологиялық қысым жасалған. Соның салдарынан ол сотта бастапқы берген көрсетімдерін өзгерткен.

– Оны қайта көндірген. «Бұған өзің кінәлісің» деп сендірген. Сотта ол толықтай басқа жауап берді, – дейді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, қазір анасы да, қыз да психологиялық әрі құқықтық қолдаусыз қалған. Ал күдікті ВИЧ-инфекциясын жұқтырған адам болып шыққан.

ПОЛИЦИЯ ЖАУАБЫ

Алматы қалалық полиция департаменті Ulysmedia.kz редакциясына бұл қылмыстық істі Алмалы аудандық полиция басқармасы тергегенін хабарлады.

– Күдікті қылмыс жасалғаннан кейін көп ұзамай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жан-жақты әрі объективті түрде жүргізілді. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында болды, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Ведомствоның мәліметінше, тергеу желтоқсан айында аяқталған. Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр.

БАЛАЛАР ОМБУДСМЕНІ НЕ ДЕЙДІ

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеванің айтуынша, 2025 жылғы желтоқсанда іс өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін бап бойынша сотқа жолданған. Алайда сот талқылауы барысында айып неғұрлым жеңіл бапқа қайта сараланған.

«Осыған байланысты біз прокуратураға жүгіндік. Біз Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен, қыздың анасымен және адвокат Ләззат Ракишевамен байланыстамыз. Қыз бала қауіпсіз жерде, мекемеде. Психологиялық қолдау орталығы анасын қызымен бірге шақырған, олар тұрақты байланыста», - деді уәкіл.