12 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі жаңа өзгерістер күшіне енеді. Енді тек жүргізушілерге ғана емес, басқа да салаларда ескертпестен айыппұл салынады. Мәселен, рұқсат берілмеген жерде темекі шегу, қоқыс тастау, жолды заңсыз жерден кесіп өту және түнгі уақытта ішімдік сатқаны үшін автомматты түрде айыппұл салынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Енді қандай жағдайларда автоматты түрде айыппұл салынады
Заңның өзінде нақты тұрмыстық құқықбұзушылықтар тізбесі көрсетілмеген. Алайда БАҚ пен құқықтық дереккөздер автоматты тіркеу жүйесі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте қарастырылған және бейнеқұралдар арқылы тіркелуі мүмкін құқықбұзушылықтарға қолданылуы мүмкін екенін айтады.
Сонымен:
Рұқсат берілмеген жерде темекі шеккені үшін жеке тұлғаға 15 АЕК немесе 64 875 теңге айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде қайталанса 20 АЕК болады.
Қоқыс тастағаны үшін (оның ішінде темекі тұқылы, қағаз, бөтелке) жеке тұлғаға 10 АЕК немесе 43 250 теңге, ал бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК айыппұл салынады.
Жолды заңсыз жерден кесіп өтсе 2 АЕК немесе 8 650 теңге, ал бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК айыппұл салынады.
Алкогольді түнгі уақытта немесе кәмелетке толмағандарға сатуға да айыппұл салынады. Бұл бейнебақылау арқылы тіркеледі.
Яғни бұрын тек бейнежазба ретінде пайдаланылған камералар енді құқық бұзушылықты автоматты түрде тіркеп, айыппұл салу үшін қолданылатын болады.
Заң қалай жұмыс істейді
Өзгерістер күшіне енгенге дейін автоматты айыппұлдар, инспектордың қатысуынсыз берілетін нұсқамалар негізінен жол қозғалысы ережелерін (мысалы, жылдамдықты арттыру) бұзуға қатысты қолданылып келді. Енді бұл тетік кеңейтіліп, цифрлық жүйелер әкімшілік заңнаманы бұзу фактілерін түрлі салаларда тіркеп, кейін деректер жауапкершілікке тарту үшін автоматты түрде өңделеді.
Енді:
Айыппұл инспекторсыз және қағаз хаттамасыз автоматты түрде шығарылуы мүмкін.
Көлікке қатысты құқықбұзушылықтар бойынша меншік иесінің жауапкершілігіне қатысты арнайы ережелер мен тәртіп сақталады.
Камераларды, дрондарды және интеллектуалды бейне-цифрлық жүйелерді қолдану әкімшілік тәжірибеде құқықтық нормаға айналады.
Дрондар ескерту жасайды
Енді дрондар тек құқық бұзушылық фактілерін тіркеп қана қоймай, нақты уақыт режимінде азаматтарға заң талаптарын сақтау қажеттігін ескертіп отырады. Ұшқышсыз аппараттар жарық дабыл элементтерімен және профилактикалық хабарламалар тарататын дауыс зорайтқыш құрылғылармен жабдықталған.
Ұшқышсыз құрылғылар қоғамдық кеңістіктерді, жаяу жүргіншілер аймақтарын, аулаларды және адам көп шоғырланатын учаскелерді бақылайды. Қоқыс тастау, қоғамдық орындарда түкіру, ұсақ бұзақылық жасау, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту секілді құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда олар қазақстандықтарға дауыстық ескерту жасайды.
«Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтарды тіркеу ғана емес, ең алдымен олардың алдын алу. Дауыс зорайтқышпен жабдықталған дрондар құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге және азаматтарға тәртіп ережелерін бірден еске салуға мүмкіндік береді. Бұл – қоғамдық тәртіп мәдениетін қалыптастырып, тәртіпті арттыратын заманауи профилактикалық құрал», - дейді Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.