Бір пәтерді бірнеше рет сатқан. 8 млдр теңге шығын әкелген алаяқтық ісі сотта қаралады

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Астанада «Qyran» тұрғын үй кешенінің құрылысына байланысты ірі көлемдегі алаяқтық ісі сотқа жолданды. Прокуратура мәліметінше, құрылыс компаниясының өкілдері пәтерлерді бірнеше рет сатқан, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Күдіктілер «International Invest Company IIC» ЖШС атынан әрекет еткен. Олар клиенттерге пәтерлерді, коммерциялық нысандарды және автотұрақ орындарын нарық бағасынан төмен ұсынып, сенім ұялату үшін әртүрлі құжаттар мен техникалық паспорттардың макеттерін көрсеткен.

Ресми сатып алу-сату шарттарының орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын брондау келісімдері, кепіл шарттары және алдын ала келісімдер рәсімделген. Алданған азаматтар қаражатты күдіктілердің жеке шоттарына аудару арқылы немесе қолма-қол түрде тапсырған.

Прокуратура дерегіне сәйкес, келтірілген шығын көлемі 8 млрд теңгеден асады. Сот санкциясымен 7,4 млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынған. Үш күдікті қамауға алынып, тағы біріне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс енді сотта қаралады.