Оразалы Ержановтың не үшін ұсталғаны әлі белгісіз

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Белсенді Оразалы Ержановтың адвокаты Виталий Воронов оның қамауға алынуына қатысты шағымның қаралуы созылып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол журналист Вадим Борейкоға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Вороновтың айтуынша, 25 ақпанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Оразалы Ержановқа қатысты 10 тәулікке қамау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

Адвокаттың сөзінше, бұл шара Ержановтың әрекетіне құқықтық баға берілгенге дейін қолданылған. Сот қаулысына сәйкес, қамау мерзімі 5 наурыз сағат 20:50-ден кешіктірілмей аяқталуы тиіс.

ШАҒЫМ БЕРІЛГЕН

Адвокат заңда көрсетілген мерзім ішінде сот шешіміне шағым түсіргенін айтты. 

— Заң талаптарына сәйкес, сот қаулысы жарияланғаннан кейін үш тәуліктен кешіктірмей шағым беруге болады. Мен 28 ақпан күні түнгі 00:12-де «Сот кабинеті» арқылы Алматы қалалық сотына Ержановтың ұсталуын және қамауға алынуын заңсыз әрі негізсіз деп тану туралы шағым жолдадым, — деді ол.

Воронов, сонымен қатар, техникалық ақаулар болуы мүмкін екенін ескеріп, сол күні шағымды e-Otinish жүйесі арқылы да қайта жібергенін айтты. Оның айтуынша, екі жүйеде де өтініштің тіркелгенін растайтын құжаттар бар.

СОТТАН ЖАУАП ЖОҚ

Адвокаттың мәлімдеуінше, Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, тергеу соты шағым беру мерзімі аяқталған соң материалдарды Алматы қалалық сотына жіберуі тиіс болған.

Алайда 4 наурыз күні сағат 10:00-дегі жағдай бойынша мұндай хабарлама келмеген. Сонымен қатар, Алматы қалалық соты да әзірге ешқандай жауап бермеген.

ҚАМАУ МЕРЗІМІ

Адвокаттың сөзінше, Қылмыстық-процестік кодекстің 107-бабына сәйкес, қалалық сот судьясы шағым түскеннен кейін үш тәулік ішінде оның заңдылығын тексеруі тиіс.

— Қалалық сот та әзірге үнсіз отыр. Соттардың не себепті бұлай жасап, шағымды қарауды созып отырғанын тек болжауға ғана болады, — деді Воронов.

Оның айтуынша, 5 наурыз күні сағат 20:50-де Оразалы Ержановтың қамауда ұстау мерзімі аяқталады.

— Қазіргі уақытта Ержановқа ресми күдік жарияланған жоқ және оның әрекетіне құқықтық баға берілген жоқ, — деп түйіндеді адвокат.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, 25 ақпанда Алматыда қоғам қайраткері Оразалы Ержанов ұсталды. Бұл туралы Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросы хабарлады.