"ҚТЖ" еншілес компаниясының топ-менеджері ұсталды

Сырым Қаржас
pixabay.com

Алматыда «Қазтеміртранс» АҚ филиалының директоры Ақылбек Базенов ұсталды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

540 млн теңге туралы ақпарат

Бұған дейін желіде Базенов шамамен 540 млн теңге көлеміндегі параны алу кезінде ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Болжам бойынша, бұл ақша филиал нысандарын күзетуге қатысты мемлекеттік сатып алуда жеңіске жетуге көмектесу үшін берілген болуы мүмкін.

Компания тергеу әрекеттері жүріп жатқанын растады.

– «Қазтеміртранс» АҚ қазіргі уақытта құзырлы құқық қорғау органдары тергеу іс-шараларын жүргізіп жатқанын растайды. Компания жан-жақты қолдау көрсетіп, барлық қажетті ақпарат пен құжаттарды ұсынып отыр, – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Компания күмән келтірді

Сонымен қатар, компанияда айтылып жатқан нұсқаға күмән бар екенін жеткізді. Олардың мәліметінше, бүкіл компания бойынша күзет қызметтеріне бөлінетін жалпы бюджет шамамен 200 млн теңгені құрайды. Ал Алматы филиалына бұл мақсатқа 9 млн теңгеден сәл ғана аса қаржы қарастырылған. Бұл болжамды пара көлемінен бірнеше есе аз.

Қалған мән-жайды құқық қорғау органдары анықтауы тиіс екенін компания атап өтті.

«Қазтеміртранс» АҚ – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы.