Таяу Шығыстағы қақтығыс: Қазақстанға қауіп төніп тұр ма?

Рая Минап
Фото: Global Look Press

Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукар өңірдегі қақтығыстар қашан тоқтайды деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Иранның тарапынан қақтығыстар қашан тоқтайтыны туралы нақты мәлімет жоқ

Оның айтуынша, соғыс басталған кезде АҚШ пен Израиль ол 2-4 күнге созылады деп ойлаған.

- Олар Иранның жоғары көсемі Әли Хаменеи мен Қарулы күштер жоғары қолбасшыларын өлтірген соң халық көтеріліп, режим құлайды деп ойлады. Бірақ Иранның мықты соққылары мен ұстанымы олардың жоспарын бұзды. Иран халқы күні-түні көшеге шығып, билікке қолдау көрсетіп жатыр. Жоспарлары іске аспаған соң Трамп пен жақтастары соғысты тезірек аяқтауды ойластырып жатыр. Трамп қақтығыстар бүгін-ертең, жақында аяқталады деген көп мәлімдемелер жасап жатыр. Иранның ресми тұлғалары тарапынан қақтығыстар қашан тоқтайтыны туралы нақты мәлімет жоқ. Өйткені, агрессорлар тарапынан қақтығыстар күнде жалғасып жатыр. Оған Иран да жауап беріп жатыр. Ел билігі шешім әскери жоспар тұрғысында болады үміттенеді.  Өйткені Иран тарапы соғысты дипломатиялық жолмен тоқтатуды жақтаса да, қарсы тарап бұзушылықтарға жол беріп отыр, - дейді елші.

Қазақстанға төнген қауіп бар ма

Баспасөз конференциясы кезінде журналистер елшіден соғыстың Қазақстан шекарасына дейін таралу ықтималдығы бар-жоғын сұрады.

- Қазақстан үшін ешқандай қауіп жоқ. Тек Иран елінде елеулі тұрақсыздық немесе жаппай тәртіпсіздіктер болса, болашақта Орталық Азия өңірі үшін қауіп тууы мүмкін. Мұндай жағдайда Таяу Шығыс аймағынан экстремистер мен террористердің ену қаупі пайда болуы мүмкін, - деді Әли Акбар Джоукар.

Елші қазіргі уақытта мұндай қауіптердің жоқ екенін айтты.

- Бақытымызға қарай, әзірге Ирандағы билік өз орнында тұрған кезде, Қазақстан мен Орталық Азия үшін ешқандай қауіп жоқ, - деді ол.

Каспий теңізіндегі кеме қатынасының қауіпсіздігіне кім жауапты

Журналистер сондай-ақ Каспий теңізіндегі кеме қатынасының қауіпсіздігі туралы және оны қорғау үшін Иран қандай да бір шаралар қабылдап жатыр ма деп сұрады.

Әли Акбар Джоукар айтуынша, Каспийдегі қауіпсіздікті жағалауда орналасқан мемлекеттердің өздері қамтамасыз етуі тиіс.

КОНТЕКСТ

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастады. Әуе шабуылы кезінде Иранның рухани көсемі, аятола Әли Хаменеи қаза тапты. Ресми Тегеран қарымта жауап ретінде Таяу Шығыста орналасқан АҚШ-тың әскери базалары мен Израильді зымыранмен атқылап, дрондармен шабуылдаған. Сол уақыттан бері аймақтағы ахуал ушыққан.