Саяси белсенді Санжар Боқаев ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бас прокуратураның мәліметінше, бүгін қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттерін жүргізу аясында Алматы қаласының аумағында ҚР ҚПК-нің 128–131-баптарының тәртібімен Санжар Боқаев ұсталды.
ҚАНДАЙ КҮДІККЕ ІЛІНДІ?
Санжар Боқаев жалған ақпарат тарату және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалардың қоғамдық саябақ аумағында ағаштарды заңсыз кесуі және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауы туралы бейнематериалдарды орналастырды деген күдікке ілінді.
ТЕРГЕУ ДЕРЕКТЕРІ
Тергеу деректеріне сәйкес, Боқаев аталған қылмыстарды ұйымдастырып, қаржыландырған. Ол үшін табысы төмен адамдарды тартып, оларға ақшалай сыйақы беру арқылы ағаш кесу мен ұрлық жасауға тапсырма берген.
Сондай-ақ, ол аса ірі мөлшерде қаржы қаражатын алаяқтық жолмен жымқырды деген күдікке ілінген. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.
БҰҒАН ДЕЙІН
2025 жылдың жазында Ішкі істер министрлігі Боқаевтың өзіне бақылау қойылғаны туралы сөзін жоққа шығарған еді. Бұған дейін оның өзі Алматы әуежайында өзін ұстауға әрекет жасалғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, оның аты іздеуде жүргендердің базасына енгізілген.
Сол жылы тамызда Боқаев Алматының орталығынан жаңаға жуық төселген кеспетастың жекеменшік аулаларға тасылып жатқаны туралы айтқан болатын. Оның сөзінше, жұмысшылар бюджет қаржысына алынған плиткаларды алып, манипуляторларға тиеп, жеке нысандарға әкеткен.
Жуырда Боқаев Instagram-парақшасында АҚШ-қа кеткенін және бизнеспен айналысып жатқанын мәлімдеді. Ол қоғамдық қызметтен шаршағанын, бірақ маңызды мәселелер туралы айтуды жалғастыратынын жеткізді.