Санжардың орны бөлек. Бірақ тергеу амалдарын күту керек - Базарбек

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың ұсталуына байланысты пікір білдірді. Оның сөзінше, белсендінің қоғамдағы орыны бөлек, бірақ тергеу амалдарының қорытындысын күту қажет, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Бақытжан Базарбек парламент кулуарында журналистердің белсенді Санжар Боқаевтың ұсталуына байланысты сұрағына жауап берді. Ол әзірге іс материалдарымен таныспағанын айтты. Журналистердің «Бұл әрекет қудалау емес пе?» деген сұрағына депутат:

«Мен бұны жаңа ғана пленарлық отырыста естідім. Сондықтан мен заңгермін ғой, құжаттарды қолыма алмай, қазір тергеу жүріп жатыр. Санжардың өзінің адвокатты бар. Адвокаттары және мына поркуратура өздерінің тергеу амалдарын бітірсін. Тиісті дәлелдемелерді прокуратураға ұсынысын. Прокуратураның айыптау үкімін оқып шығайық. Қолымызда ешнәрсе жоқ. Қандай дәлелдемелерге негізделген», – деді депутат.

Бақытжан Базарбектің сөзінше, Санжар Боқаевты жеке таниды. Бірақ қылмыстық іс ашылғаннан кейін фактілердің барлығын жалған деп айту қате деп есептейді.

«Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін бүкіл іс жалған деп айту қате», – деді ол.

Контекст

Бұған дейін саяси белсенді Санжар Боқаевтың ұсталып, оның үстінен жалған ақпарат тарату және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалардың қоғамдық саябақ аумағында ағаштарды заңсыз кесуі және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауы туралы бейнематериалдарды орналастырды деген күдікке ілінгені хабарланған.

Тергеу деректеріне сәйкес, Боқаев аталған қылмыстарды ұйымдастырып, қаржыландырған. Ол үшін табысы төмен адамдарды тартып, оларға ақшалай сыйақы беру арқылы ағаш кесу мен ұрлық жасауға тапсырма берген.

Сондай-ақ, ол аса ірі мөлшерде қаржы қаражатын алаяқтық жолмен жымқырды деген күдікке ілінген. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.

Бұған дейін 

2025 жылдың жазында Ішкі істер министрлігі Боқаевтың өзіне бақылау қойылғаны туралы сөзін жоққа шығарған еді. Бұған дейін оның өзі Алматы әуежайында өзін ұстауға әрекет жасалғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, оның аты іздеуде жүргендердің базасына енгізілген.

Сол жылы тамызда Боқаев Алматының орталығынан жаңаға жуық төселген кеспетастың жекеменшік аулаларға тасылып жатқаны туралы айтқан болатын. Оның сөзінше, жұмысшылар бюджет қаржысына алынған плиткаларды алып, манипуляторларға тиеп, жеке нысандарға әкеткен.

Жуырда Боқаев Instagram-парақшасында АҚШ-қа кеткенін және бизнеспен айналысып жатқанын мәлімдеді. Ол қоғамдық қызметтен шаршағанын, бірақ маңызды мәселелер туралы айтуды жалғастыратынын жеткізді.