Алматыдағы жол қауіпсіздігіне қатысты мәселе әлі де қоғам назарын аударуда. Заңгер Молдахан Әділетхан әлеуметтік желіде заңсыз көше жарыстары мен құқық қорғау органдарының әрекетіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Заңгер депутат Мұрат Әбеновпен келісетінін, бірақ мәселе тек қала полициясының басшылығында еместігін жеткізеді.
- Бұл жерде Алматы полиция бастығы емес, 102 және 120 деген жүйелер бар. Соларды алып тастау керек, – дейді заңгер.
Әділетханның сөзінше, заң бәріне бірдей қолданылуы тиіс, алайда кей жағдайда ықпалды адамдар жауапкершіліктен жалтарып кетеді.
- Қарапайым адам болса, заң бар. Ал осындай адамдарға заң жоқ па? – деп ол қоғамдағы теңсіздік мәселесін көтерді.
Сондай-ақ заңгер Молдахан Әділетхан Әл-Фараби даңғылында болған заңсыз жарыстың нақты бағытын сипаттады.
- Zeekr жүргізушілері қос сызықты кесіп өтіп, Достық даңғылы арқылы солтүстік бағытқа қарай түсіп, кейін Әл-Фараби даңғылы бойымен бұрылып, батысқа қарай жоғары жылдамдықпен қозғалады. Жылдамдық 250 км/сағ-қа дейін жеткен, – дейді ол.
Заңгердің пікірінше, мұндай жүргізушілерді жол-патрульдік полиция тоқтата алмайды, кей жағдайда оларды арнайы батальон ғана қуып жетеді. Осындай сәттерде тиісті қызметтерге, соның ішінде 102 нөміріне хабар беріледі.
Әділетханның айтуынша, бұған дейін де аталған көліктерді жол-патрульдік қызметтің арнайы батальоны тоқтатқан.
- Тоқтатып, “кім рұқсат берді?” деген сұрақ қояды. Жүргізушілердің айтуынша, рұқсатты Ержан Узабаев берген. Ал ол кім?, – дейді заңгер.
Ашық деректерге сәйкес, Ержан Узабаев қазіргі уақытта Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарады.
Заңгер мұндай жағдайлардың соңы қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін екенін айтып, «Қаза тапқандардың орнында кез келген адам болуы мүмкін» деп ескертті.
- Құрметті Президент мырза, министр мырза, егер өздеріңіз араласпасаңыздар, бұл мәселе шешілмейді, – деді ол сөз соңында.
Авторы: Ақлима Джақсыбекова