Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов журналист Ботагөз Омарованың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Асанов Омарованың ұсталғаны туралы естімегенін бірден айтты. Сонымен қатар, ол министрді немесе судьяны сынау заңмен тыйым салынбағанын атап өтті. Ал нақты айыптаулар бар материалдарға қатысты жағдай бөлек екенін жеткізді.
Сенатордың пікірінше, пара алу сияқты нақты айып тағылған жағдайда, мұндай ақпаратты жариялаған БАҚ оның рас екенін дәлелдеуі тиіс.
– Құқықтық тұрғыдан бұл қалай бағаланады? Екі түрлі жағдай бар. Бірі – бағалау пікірі. Кім болса да сынай беруге болады. Министр, әкім, прокурор немесе судья дұрыс жұмыс істемейді деп айтуға болады. Журналистке оның жұмыс стилі немесе басқа бір тұсы ұнамауы мүмкін. Бұл жағынан мәселе жоқ. Ал нақты фактілер айтылатын жағдай бар. Мысалы, «мына адам пара алды» дегендей. Қоғам соған сенсе, ондай ақпаратты таратқан адам оны дәлелдеуі керек, – деді Асанов.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін 20 наурыз күні Омарованы Астана қалалық полиция департаментіне «әңгімеге» шақырғаны хабарланған еді. Әріптестерінің айтуынша, журналист өз еркімен барған. Алайда бірнеше сағаттан кейін оның процессуалдық мәртебесі өзгерген: бастапқыда қорғау құқығы бар куә ретінде танылса, кейін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша күдікті деп танылған.