Алматы қаласының полиция департаменті әл-Фараби көшесінде «заңсыз көлік жарысына полиция қызметкері қатысты» деген ақпаратты растамады да, терістемеді де. Ақпаратты тексеріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің сөзінше, «соңы жол апатымен аяқталған заңсыз көлік жарысына полиция қызметкері қатысты» деген ақпарат тексеріліп жатыр.
«Бұл мәліметті тексеріп жатырмыз біз. Қазір тергеу басталды. Қылмыстық іс қозғалды. Zeekr автокөлігінің жүргізушісі күдікті болып танылды. Ол қазір күзетпен ауруханада. Міндетті түрде қамауға алынады», – деді ол.
Салтанат Әзірбектің айтуынша, анықтау жұмыстары бір-екі күннің шаруасы емес.
Контекст
21 наурыз түнде Алматыда Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes көлігіндегі үш адам қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, желі қолданушылары кінәлілерді жазалауды талап еткен.
Кейіннен әлеуметтік желіде жол апатына түскен Zeekr көлігі заңсыз жарысқа қатысқандығы туралы ақпарат тарады. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов «жарысқа қатысқандардың» арасында полиция қызметкері болуы мүмкін екенін айтып, ішкі істер министрлігі жауап беруі тиіс деді.