Зәулім шаңырақ, қымбат жиһаз: Мұхтар Әуезовтің үйі қандай қаражатқа салынған

Анар Лепесова
фото: multiurok.ru

Белгілі баспагер, «Мазмұндама» қорының төрағасы Шыңғыс Мұқан  мен журналист, документалист Асылхан Мамашұлы Ulysmedia.kz жариялаған «Қазақстанда жазушыларға қандай қолдау көрсетіледі?» атты шолуға қатысты пікір білдірді.

БІР КІТАПТЫҢ ҚАЛАМАҚЫСЫ БІР КӨЛІКТІҢ ҚҰНЫ

Қазақ қаламгерлерінің көп естелігін парақтаған журналист Асылхан Мамашұлының айтуынша, Кеңес Одағы тұсында көркем әдебиет идеологиялық құрал ретінде пайдаланылды.

«Жазушылар сол құралдың бірі болды. Кеңестік идеологияны насихаттайтын шығармалар жазды. Сондықтан оларға қамқорлық та жақсы болды. Кітаптарына қомақты қаламақы төленді. Ол уақытта жазушылардың кітап шығаруы үлкен талас болатын. Биыл пәленшенің, келесі жылы түгеншенің кітабы шығады деп жоспарлап қоятын. Сол жоспарға ену үшін өзара талас-тартысқа түскен. Өйткені жоспарға енсе, қомақты қаражат алады», – дейді журналист.

Асылхан Мамашұлының дерегінше, сол уақытта бір кітапқа «Жигули» көлігін құнындай қаламақы төленген.

«Жарық көрген кітапқа 7-8 мың сом төленген. Қазіргі ақшаға шақсаңыз, 10 мың доллардай қаржы. Оны алу үшін «Жазушы», «Жалын» сияқты белгіленген баспалардан ғана шығару міндеттелген. Қаражаттан қағылмау үшін жазушылар кеңестік идеологиядан тысқары кетпеуге, тапсырылған тақырып шеңберінен шықпауға әбден машықтанған», – дейді ол.

МҰСТАФИН МЕН ӘУЕЗОВТІҢ БАЙЛЫҒЫ

Документалист өзі сұхбаттасқан қаламгерлердің бірінің естелігін айтып берді:

«Жуырда бір жазушымен сөйлескем. Ғабиден Мұстафиннің қаламақысын үйіне қалай апарғанын айтып берді. Жазушы өзіне тиесілі ақшаны кассадан шешіп алып, үйіне жеткізіп беруді тапсырса керек. Қазіргі ақшаға шаққанда 20 мың доллардан астам қаржы апарыпты. Сонда Мұстафин кітап сөресінде тұрған шығармалар жинағын нұсқап: «Бұл кітаптарды шығарғанда 200 мың сом алғанмын» деген екен».

Журналистің айтуынша, ақын-жазушылар Кеңес өкіметінің саясатын дәріптейтін шығармалары үшін газеттерден де жақсы қаламақы алып тұрған. Тіпті сол уақытта ел танитын ақындардың бірі жазған өлеңін әуелі бас газет – «Социалистік Қазақстанға», содан кейін бүкіл облыстық басылымдарға беріп, бәрінен қаламақы алған көрінеді.

«Белсенді еңбек еткен, Кеңес Одағының көзқарасына қайшы келмеген қаламгерлердің бәрінің жағдайы жақсы болды. Одан бөлек, көзге түскен жазушылар Ленин сыйлығын, Комсомол комитеті сыйлығын иеленді. Олардың да тұрмысы тәуір болды. Алысқа бармай-ақ, Мұхтар Әуезовті айтсақ, ол әуелі Сталиндік, одан кейін Лениндік сыйлықты алды. Жазушының қазіргі музей-үйі осы екі марапаттың ақшасына салынған деген дерек айтылады. Оның ішіндегі жиһаздарды Балтық жағалауы елдерінен тапсырыспен алдырған екен. Яғни, сол уақыттағы бай адамдардың бірі болды. Кеңес Одағы жазушыларды жарылқады, бірақ қаламгерлер де Кеңес өкіметін соған сай жарылқауға тиіс болды. Мәселе осында», – дейді журналист.

СЫЙЛЫҚТЫ 1000 ЖАЗУШЫНЫҢ 1%-Ы ҒАНА АЛАДЫ

Баспагер Шыңғыс Мұқанның пікірінше, бүгінгі қазақ жазушыларын ынталандыратын байқаулар мен сыйлықтар аз емес. Бірақ жылына бір рет өтетін бәйгелер әдебиетті дамытпайды.

«Бізге жалпы оқу мәдениетін арттыратын кешенді жоба керек. Президенттің өзі мемқызметкерлер кітап оқымайды деп шүйлікті. Өткенде бір аудитория студентпен кездестім. Кім кітап оқиды деп сұрағанымда бір-екі студент қол көтерді. Қызметкерлерді былай қойғанда, студенттердің көбі оқымайды. Оқушылар да солай. Бүкіл халық кітап оқыса, нарық қалыптасады, нарық жазушылардың өніміне – кітаптарға сұраныс арттырады. Қазақстандағы 1000 жазушының 1%  сыйлық алғаннан гөрі, олардың еңбекқорларының кітабы тұрақты сатылғаны әлдеқайда тиімді», – дейді баспагер.

ӘДЕБИЕТТЕ СЕРПІЛІС БАР МА?

Шыңғыс Мұқан Кеңес одағында нарықтың рөлін мемлекет атқарғанын айтады. Жазушының кітабын құзырлы орган жүз мыңдап сатып алып, бүкіл елге таратты. Соның арқасында олар қаламгерлер қомақты қаламақы алып отырды.

«Қазір бұл рөлді мемлекет атқармайды, ал нарық атқара алмай жатыр, себебі оқу мәдениеті төмен. Кітап оқитын елдерде бір адам орта есеппен жылына 10 кітап оқыса, бізде 2 кітап оқиды. Меніңше мұның өзі оптимистік көрсеткіш. Иә, жағдай жай-жай түзеліп келе жатыр, сыйлықтар пайда болды. Жазушылар жаза бастады. Баспалар нарықта өлместің күнін көріп жүр. Бірақ бұл рухани бағытта қазақ эстрадасы не соңғы кездегі қазақ киносы секілді серпіліс бар деп айтуға әлі ертерек», – дейді маман.