Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу ережелері өзгереді. Бұдан былай жинақтағы қаржыны шешіп алғаннан кейін қалатын ақша адамның өмірінің соңына дейін жететіні-жетпейтіні тексеріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БОЛЖАМ ЕМЕС, НАҚТЫ ЕСЕП
«Крыша» порталының мәліметінше, мемлекет енді болжамға негізделген тәсілден гөрі шынайы есепке сүйенбек.
Қазіргі кезде шек әлеуметтік және болжамды көрсеткіштер арқылы есептеледі. Есепте ең төменгі жалақы, күнкөріс минимумы және адамның алдағы уақытта төлейтін жарналары да ескеріледі.
Ал жаңа тәсілде бұл өзгермек. Енді гипотетикалық (алдағы уақытта түсуі мүмкін) жарналар есепке алынбайды. Оның орнына адамның қазіргі жинағы өмір бойы ай сайынғы төлемге жететін-жетпейтіні қаралады. Егер жетпесе, артық қаражатты шешуге рұқсат берілмейді.
Мысалы, адамның зейнетақы шотында 6 миллион теңге бар делік. Бұрынғы жүйеде оның болашақ жарналары да ескеріліп, белгілі бір бөлігін алуға мүмкіндік берілетін. Ал жаңа жүйеде 6 миллион теңгенің өмір бойы ай сайынғы төлемдерге жететіні есептеледі. Егер жетпесе, ақша шешілмейді.
ЖАҢА ШЕК ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Бұл тәсіл мәні жағынан аннуитет жүйесіне ұқсайды: онда азамат жинағын сақтандыру компаниясына аударып, өмір бойы ай сайын төлем алып отырады.
Дегенмен аннуитет ең төменгі жеткіліктілік шегін алмастырмайды – олар бөлек сақталады, тек есептеу логикасы ұқсас болады. Есептеуде мына факторлар ескеріледі:
– болжалды өмір сүру ұзақтығы;
– ай сайынғы төлем мөлшері;
– зейнетақы жинақтарының табыстылығы.
Жаңа шектер нақты қандай болатыны әзірге белгісіз. Олар жаңа әдістеме бекітілгеннен кейін есептеледі.
Сонымен қатар шектер бұрынғыдай жасқа байланысты есептеліп, жыл сайын макроэкономикалық, демографиялық және қаржылық көрсеткіштерге қарай қайта қаралады. Орта есеппен өсім 10% шамасында болуы мүмкін деп күтіліп отыр.
Өзгерістердің қашан күшіне енетіні әлі нақтыланған жоқ. Бірақ мамандар зейнетақы жинағын шешу қиындап, қолжетімді қаражат азаюы мүмкін екенін қазірден ескертіп жатыр.