Алматы хайуанаттар бағында ер адам арыстандар отырған қоршауға тас лақтырған. Оқиға балалардың көзінше болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ХАЙУАНАТТАРҒА ҚАУІПТІ
Жануарға қатыгездік көрсетілген бейнежазба әлеуметтік желілерге тарап кетті. Кадрда ер адамның жануарларға әдейі тас лақтырғаны көрінеді. Оның не себепті бұлай жасағаны белгісіз.
Хайуанаттар бағы әкімшілігі бұл жағдай бойынша полицияға жүгінгенін хабарлады. Өтініш Медеу аудандық полиция басқармасында тіркелген.
Зоопарк өкілдерінің айтуынша, мұндай әрекеттер жануарларға да, келушілерге де қауіпті. Олар азаматтарды ережені сақтауға және балаларға жаман үлгі көрсетпеуге шақырды.
КОНТЕКСТ
Осыған ұқсас жағдай жуырда Семейде де болған. Онда екі ер адам биологиялық орталықтағы арыстандарға тас лақтырған. Полиция қызметкерлері құқық бұзушылардың жеке басын анықтады. Олар 36 және 29 жастағы ер адамдар екен.
Олар полиция бөліміне жеткізілді. Аталған дерек бойынша құқық бұзушылардың әрекетіне құқықтық баға берілді. Мұндай заңға қайшы әрекеттерге жол берілмейді және олар заң аясында тоқтатылады, – деп хабарлады Абай облысының полиция департаменті.
Материалдар әкімшілік сотқа жолданды. Енді оларға қандай жаза тағайындалатынын сот шешеді. Ал орталық өкілдері мұндай жағдайлар жиілеп кеткенін айтып, оны жануарларға қатыгездік деп бағалап отыр.