Аслан Мусин Венаның қымбат ауданынан 400 шаршы метр пәтер алған

Ulysmedia
коллаж Ulysmedia

Аслан Мусиннің отбасы Вена қаласынан қымбат жылжымайтын мүлік сатып алған. Пәтер қаланың орталық әрі беделді аудандарының бірі – Нойбау аумағында орналасқан.

Жалпы ауданы 413 шаршы метрді құрайтын бұл баспана шамамен 4,5 миллион еуроға бағаланған. 2024 жылғы деректерге сәйкес, бұл қаржы Нойбау ауданындағы ең қымбат мәмілелердің бірі саналады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЕУРОПАДАҒЫ АКТИВТЕР

Telegram-дағы «Выход к морю» арнасының мәліметінше, Аслан Мусин отбасының Вена қаласындағы пәтері Mondscheingasse (қазақша «Ай сәулесі аллеясы») көшесінде орналасқан. Бұл жер Вена операсы, ратуша және музей кварталына жаяу жететін қашықтықта.

Жылжымайтын мүлік Bazantner GmbH атына тіркелген. Қаржылық есептерге қарағанда, бұл – компанияның жалғыз активі. Компанияны Сергей Кушенов басқарады, ол Мусиндер әулетінің шетелдегі жобаларындағы көптен бергі серіктесі саналады.

Зерттеуде көрсетілгендей, Bazantner GmbH болгарлық Arkentum арқылы БАӘ-нің Рас-эль-Хайма эмиратында тіркелген UNCIA қорына тиесілі. Бұл қор Мусиннің ұлы Сауранбек пен оның жиені Ануарбекпен байланысты деп айтылады. Олар отбасының Латвия мен Болгариядағы негізгі активтерін де басқарады.

Шетелдегі активтер тек Австриямен шектелмейді. Латвияда олардың жалпы құны 20 млн еуродан асатын мүлікке ие екені айтылады. Соның ішінде шамамен 5,6 млн еуроға сатып алынған ірі ритейл бизнесі бар.

БЛОГАРИЯНЫҢ «АЛТЫН» АЗАМАТЫ

Мусиннің жұбайы Гүлбану Үкітайқызы мен ұлы Сауранбек Болгарияның «алтын» азаматтығын алған. Олар инвестор ретінде рәсімделіп, тіпті жергілікті сайлауларға, соның ішінде Еуропарламент сайлауына қатысқаны айтылған.

Ал Мусиннің өзі 2020 жылы Черногорияның құрметті азаматы атанған. Кейін бұл елде «құрметті паспорттарға» байланысты тексеріс басталып, оны премьер Милойко Спайич қолға алған. Бұл тексерістер бизнесмен Насер Рамаиға қатысты салықтан жалтару ісімен байланысты болған. Сол тізімде ресейлік тележүргізуші Екатерина Андреева да аталған.

МУСИН КІМ? 

Ақтөбе облысының тумасы Аслан Мусин Нұрсұлтан Назарбаев кезеңінде жоғары мемлекеттік қызметтерде болған. Ол облыс әкімі, экономика министрі, Мәжіліс спикері, Президент әкімшілігінің басшысы және Есеп комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.

Әсіресе Президент әкімшілігін басқарған кезеңі оның ықпалы күшейген уақыт ретінде бағаланады. Сол кезде оны бейресми түрде «сұр кардинал» деп атаған.

2017 жылы мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін дипломатиялық қызметке ауысып, Балқан елдерінде елші болды.

Соңғы жылдары оның есімі бұрынғы элита өкілдерімен бірге қайта аталып жүр. Мәселен, екі жыл бұрын Лондонда Мусин мен Бергеи Рысқалиевтың бірге түскен суреті тараған.