22 млрд теңгеге түсірілген қазақтың 10 фильмі

Ақлима Джақсыбекова
"Көшпенділер" фильмінен кадр

Қазақстанда соңғы жылдары ірі бюджетті фильмдер саны айтарлықтай көбейді. «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы қазақ киносы тарихындағы ең қымбат 10 жобамен бөлісіп, олардың қалай қаржыландырылғанын және неге мұндай ауқымды шығын қажет болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бүгінде отандық фильмдер мемлекеттік қолдау аясында да, сондай-ақ жеке қаражат есебінен де түсіріледі. Жеке киностудиялар мен продюсерлік орталықтар дербес кәсіпкерлік субъектілері болғандықтан, олардың нақты бюджеті туралы ақпарат қолжетімді емес.

Сондықтан оқырман назарына «Қазақфильм» АҚ ұсынған толықтай немес басым бөлігі мемлекеттік қаржы есебінен өндірілген фильмдер тізімін ұсынамыз. 

Аталған тізімге енген ірі жобалар:

  • «Көшпенділер»
  • «Жаужүрек мың бала»
  • «Путь лидера» (2013)
  • «Анаға апарар жол»
  • «Қазақ елі» (10 серия)
  • «Қазақ елі-2»
  • «Путь лидера» (2018)
  • «Композитор» (Қытай Халық Республикасымен бірлескен копродукция)
  • «Томирис»
  • «Ұлы дала таңы»

«Қазақфильм» деректеріне сәйкес, 2005–2021 жылдар аралығында түсірілген ең қымбат 10 фильмнің жалпы бюджеті 21 693 648 000 теңгені құраған. 

БЮДЖЕТКЕ ӘСЕР ЕТКЕН ФАКТОРЛАР

Киностудия өкілдері мұндай жоғары бюджеттің қалыптасуына бірнеше негізгі фактор әсер ететінін атап өтті. Атап айтқанда, халықаралық деңгейдегі актерлерді тарту, ауқымды түсірілім топтары, тарихи реконструкциялар, костюмдер мен декорация жасау, сондай-ақ күрделі постпродакшн жұмыстары шығынды арттырады.

Мәселен, «Томирис» фильмінде халықаралық деңгейдегі актерлер, соның ішінде Ғассан Масуд секілді өнер иелері шақырылған. Ал «Көшпенділер» жобасына Куно Беккер, Арманд Ассанте, Джей Эрнандес, Джейсон Скотт Ли және Марк Дакаскос сынды шетелдік актерлер қатысқан. «Композитор» фильмінде басты рөлді қытай актері Ху Цзюнь сомдаған.

Сонымен қатар, ірі жобаларда жүздеген маман мен қосымша мыңдаған адам массовкаға жұмылдырылып, олардың тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету де қосымша шығындарды талап етеді. Киностудия кейбір тарихи фильмдер үшін 2000-нан астам костюм арнайы тігіліп, ерекше декорациялар мен реквизиттер жасалатынын алға тартты.

Фильм өндірісінде дайындық кезеңі де маңызды рөл атқарады. Актерлер арнайы жаттығу орталықтарында бірнеше ай бойы жауынгерлік өнер, қарумен жұмыс істеу және сахналық қимылдарды меңгереді. Бұл да өндіріс бюджетін арттыратын факторлардың бірі.

Постпродакшн кезеңінде қолданылатын компьютерлік графика (CGI), дыбыс өңдеу, монтаж және түс түзету жұмыстары да жалпы бюджеттің 30–40 пайызына дейін жетуі мүмкін.

«Қазақфильм» өкілдері түсірілім географиясының кеңдігі, халықаралық копродукциялар және ұзақ өндірістік цикл де шығын көлеміне тікелей әсер ететінін айтады.

Киностудияның мәлімдеуінше, мұндай ауқымды тарихи және эпикалық жобалар әрдайым коммерциялық тұрғыда өзін толық ақтай бермейді. 

ҚАЗАҚ КИНОСЫ ТАРИХЫНДАҒЫ ҮЗДІК ФИЛЬМДЕР

Кинотанушы, режиссёр және өнертану ғылымдарының магистрі Айбек Құдабаев қазақ киносының классикалық және заманауи бағыттарына тоқталып, өзінің үздік фильмдер тізімін және ұлттық киноиндустрияға қатысты пікірін білдірді.

Оның сөзінше, қазақ кинотарихындағы үздік фильмдерге «Менің атым Қожа», «Студент», «Кардиограмма», «Ласковое безразличие мира» шығармалары жатады.

Маманның айтуынша, әлемдік кинодағы сапалы әрі терең туындылар көбіне драма жанрында түсіріледі. Дегенмен, ол кино өнері үшін тек әдебиетке сүйенген драмалар емес, «таза кинематографиялық жанрлардың» да маңызды екенін атап өтті.

«Экзистенциалды драмалармен қатар мен вестерн, роуд-муви, триллер, хоррор сияқты жанрларды ерекше қызығушылықпен көремін. Себебі дәл осы жанрларда визуалды баяндау, бейнелік шешімдер, кадр композициясы мен атмосфера жасау кеңінен ашылады», — дейді Айбек Құдабаев.

Сондай-ақ ол детектив жанрының да режиссерлік тұрғыдан үлкен мүмкіндік беретінін айтып, оның психология мен характер арқылы оқиғаны терең жеткізуге жол ашатынын атап өтті.

«ҚАЗАҚФИЛЬМ» ЖЕҢІЛ КОМЕДИЯЛАРҒА БЕТ БҰРДЫ»

Кинотанушы өз сөзінде Қазақстанның ұлттық киностудиясы — «Қазақфильмге» де тоқталды. Ол киностудияны жоғары бағалайтынын, оның көптеген жобаларында жұмыс істегенін жеткізді. Алайда соңғы жылдары ұлттық кино өндірісінде өзгерістер байқалатынын айтты.

«Мен өз елімнің патриотымын және «Қазақфильм» ұлттық киностудиясын жақсы көремін. Бірақ соңғы жылдары оның деңгейі төмендеп кеткені байқалады», — деді ол.

Айбек Құдабаевтың пікірінше, киностудия соңғы уақытта авторлық және салмақты кинодан алыстап, коммерциялық франшизалар мен жеңіл комедияларға көбірек бет бұрған.

Оның айтуынша, бұл жағдайдың негізгі себептерінің бірі — басқару жүйесінде кино тарихы мен теориясын терең білетін кәсіби мамандардың жетіспеуі.

Сонымен қатар, Құдабаев Қазақстанның кино өндірісі мен прокат жүйесіне мемлекеттік деңгейде назар аудару қажет екенін айтты.

«Қазақстандағы кино өндірісі, кинопрокат және жалпы кино мәдениет жүйесіне мемлекет тарапынан, соның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігі деңгейінде де назар аудару қажет», — деді кинотанушы.