Financial Times басылымы Украина президенті Владимир Зеленскийдің Еуроодаққа жедел қабылдау жөніндегі талаптары Киев пен Еуропа арасындағы қарым-қатынасты салқындата түскені жайлы жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТАБАНДЫ ҰМТЫЛЫС
Басылымның мәліметінше, оның мүшелікке мүмкіндігінше тез қол жеткізуге бағытталған табанды ұмтылысы Еуропа астаналарымен арадағы шиеленісті күшейтіп отыр. Бұл жағдай дәл қазір Вашингтон Киевке қолдау көрсетуді жалғастыру мәселесін қарастырып жатқан кезеңге тұспа-тұс келіп отыр.
Сәуірдің соңында Кипрде өткен кездесуге қатысқан дереккөздердің айтуынша, украиналық шенеуніктер интеграцияны тез арада мақұлдауды талап етіп, Еуроодақты баяу әрекет етті деп сынаған. Сонымен қатар олар ЕО Украинаға Киевтің мүшелікке мұқтаждығынан гөрі көбірек зәру деген пікір айтқан.
«Олар: “Сендер міндеттісіңдер” дейді. Бірақ мұндай ұстаным жақсылыққа апармайды», — деді дереккөздердің бірі.
Сондай-ақ Зеленский дипломаттарына толыққанды мүшеліктен өзге интеграцияның балама нұсқаларын қарастырмауды тапсырғаны айтылады. Financial Times тілдескен тағы бір дереккөздің сөзінше, Киев басшылығына «ащы шындықты» қабылдауға тура келген.
ОРТАҚ КЕЛІСІМ ЖОҚ
Бұған дейін Le Monde басылымы Еуропа елдері Украинаға ЕО-ға жедел кіру үшін жеңілдіктер жасауға дайын емес екенін жазған еді. Себебі бұл мәселеде ортақ келісім жоқ. Ал Politico мәліметінше, Германия, Нидерланды және Италия сияқты ықпалды мемлекеттер бұл тақырыпты жақын арада талқылауға ниетті емес.
Еуроодақ бұған дейін де Украина заңнамасының еуропалық талаптарға сай келмейтінін бірнеше рет атап өткен. Сондықтан мүшелікке үміткер ел ретінде Украина ауқымды реформалар жүргізуі тиіс. Economist журналы елдегі жемқорлық деңгейі де негізгі кедергілердің бірі екенін жазған.
Ал Еуропалық кеңес басшысы Антониу Кошта Украинамен интеграция үдерісі ұзақ әрі күрделі болатынын атап өткен.