Балалардың тамақтануы олардың психикалық денсаулығы мен мінез-құлқына әсер етеді. Ғалымдар жеміс-жидек пен көкөністі жиі жейтін балаларда мазасыздық пен тұйықталу аз болатынын, ал тәтті және тұзды тіскебасарларды көп тұтынатын балаларда агрессия мен зейін бұзылысы жиірек кездесетінін анықтаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚҚА ӘСЕРІ
Норвегиялық Агдер университетінің ғалымдары бұл зерттеуді Nutrients журналында жариялаған. Зерттеу кішкентай балалардың тамақтануы мен психикалық денсаулығы арасында тығыз байланыс бар екенін көрсетті.
«Психикалық денсаулыққа қатысты мәселелер бүкіл әлемде барған сайын жиілеп барады. Мұндай проблемалардың алдын алуға болатын факторларын анықтау аса маңызды. Әсіресе оларды баланың ерте жасында анықтау үлкен пайда әкеледі», – деп жазды зерттеушілер.
Мамандардың айтуынша, психикалық денсаулық өмірдің ең алғашқы кезеңдерінде ерекше маңызды. Ол баланың мектептегі үлгеріміне, әлеуметтік дағдыларының қалыптасуына және білім алуына тікелей әсер етеді. Ал бұл факторлар өз кезегінде адамның өмір бойғы денсаулығы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайына ықпал етеді.
КӨКӨНІС ПЕН ЖЕМІСТІҢ ПАЙДАСЫ
Зерттеушілер Норвегиядағы балалардың тамақтануын жақсартуға бағытталған жобаға қатысқан 363 төрт жастағы бала мен олардың аналарының деректерін талдады. Бұл – балалардың алты айдан 12 айға дейінгі кезеңдегі тамақтану рационын жақсартуға арналған рандомизацияланған бақылаулы зерттеу.
Нәтижесінде көкөніс пен жемісті жиі жейтін балаларда депрессия, мазасыздық және тұйықталу секілді ішкі психологиялық мәселелердің деңгейі төмен болғаны анықталды. Бұл аналардың білім деңгейіне, отбасындағы қаржылық қиындықтарға немесе аналарда депрессия мен мазасыздық белгілерінің болуына қарамастан байқалған.
Ал тәтті және тұзды тіскебасарларды жиі тұтыну сыртқа бағытталған мінез-құлықпен байланысты болған. Мұндай мінез-құлыққа агрессия, ашушаңдық және тәртіп бұзу әрекеттері жатады.
АГРЕССИЯНЫҢ СЕБЕБІ ҚАНДАЙ?
Балалардағы агрессия, ашушаңдық, қарсыласу және тәртіпке бағынбау сияқты мінез-құлық мәселелері бүгінде ең жиі кездесетін психологиялық қиындықтардың бірі саналады. Мұндай жағдайлар ата-аналардың балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығына қатысты мамандар көмегіне жүгінуінің негізгі себептерінің бірі.
Зерттеушілердің айтуынша, осындай мінез-құлық белгілері баланың әлеуметтік ортаға бейімделуіне және оқу үлгеріміне кері әсер етуі мүмкін. Мұндай қиындықтар көбіне бес жасқа дейінгі балаларда-ақ байқала бастайды.
Зерттеу деректеріне сәйкес, екі-үш жасында мінез-құлқында осындай мәселелер байқалған балалардың шамамен үштен екісінде бұл қиындықтар мектеп жасында да сақталады.
«Бұл психикалық денсаулыққа әсер ететін факторларды мүмкіндігінше ерте анықтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді», – деп қорытындылады зерттеушілер.