«Отбасы банк» ипотекасы қымбаттайды

Ulysmedia
Фото: depositphotos.com

Отбасы банк 4 маусымнан бастап аралық несие бойынша бірыңғай пайыздық мөлшерлеме енгізеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Толығырақ

Жаңа тәртіпке сәйкес, аралық несиелер үшін бұрын қолданылған 6%–8,5% аралығындағы әртүрлі ставкалардың орнына жылдық 8,5% бірыңғай мөлшерлеме белгіленеді. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9%-9,6% аралығында болады.

Бұған дейін ставка клиенттің ипотекалық бағдарламасына және бағалау көрсеткішіне байланысты өзгеріп отыратын. Енді барлық аралық несиелер үшін бірдей шарт қолданылады.

Банк мәліметінше, бұрын 6%-7,5% мөлшерлемемен несие ала алатын клиенттер үшін ипотека қымбаттайды. Өзгерістер банктің негізгі өнімдеріне әсер етеді: бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алу, құрылыс, жөндеу, жер телімін алу, сондай-ақ «Әскери баспана» және «Свой дом» бағдарламалары.

Отбасы банк есебі бойынша, 30 млн теңгелік несие жағдайында мөлшерлеменің 7,5%-дан 8,5%-ға өсуіне байланысты ай сайынғы төлем шамамен 12–20 мың теңгеге артады. Жылдық қосымша шығын 144–240 мың теңге аралығында болуы мүмкін.

Кімдерге өзгеріс әсер етпейді

Банк 2026 жылғы 4 маусымға дейін алдын ала мақұлдау алған клиенттерге бұрынғы шарттар сақталатынын мәлімдеді. Яғни, ипотеканы рәсімдеу сатысындағы азаматтарға шарттар өзгермейді.

Аралық несие деген не

Аралық несие –  депозитте тұрғын үй құнының кемінде 50%-ын жинаған, бірақ тұрғын үй несиесіне қажетті бағалау көрсеткіші (ОП 16) жетпеген клиенттерге берілетін ипотека түрі.

Оны алу үшін тұрғын үй құнының кемінде 50%-ын жинау қажет, бағалау көрсеткіші кемінде 5 болуы тиіс, 50% жинағаннан кейін кемінде 6 ай күту керек.

Негізгі ипотека шарттары өзгермейді

Тұрғын үй несиелерінің негізгі шарттары сақталады.Мөлшерлеме 3,5%–5%, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі  3,6%–6,9%. Бұл ипотеканы алу үшін депозит кемінде 3 жыл сақталып, бағалау көрсеткіші 16-ға жетуі қажет.

Енді аралық несиелер үшін бір ғана мөлшерлеме қолданылады.