АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің тікелей кездесу өткізу идеясын қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТРАМП НЕ ДЕДІ?
Ақ үйде журналистердің сұрақтарына жауап берген Трамп екі ел басшысының жүздесуі қақтығысты реттеу жолындағы маңызды қадам болуы мүмкін екенін атап өтті.
Меніңше, олардың кездескені дұрыс. Олар міндетті түрде сөйлесуі керек, – деді АҚШ президенті.
Трамптың пікірінше, бейбіт келісімге қол жеткізу үшін Мәскеу де, Киев те өзара ымыраға келуге дайын болуы қажет.
Олар белгілі бір келісімге келеді. Мен өз тарапымнан бірнеше ұсыныс жасадым. АҚШ бұл процеске елеулі деңгейде қатысып отыр, – деді ол.
ЫМЫРА ҚАЖЕТ
Америка көшбасшысы Ресей мен Украинаның ортақ мәмілеге келіп, соғысты тоқтатуға мүмкіндік бар екеніне сенім білдірді.
Бұл – ерекше мемлекеттер. Мен олардың ақыр соңында қақтығысты тоқтататынына сенемін, – деді Трамп.
Сондай-ақ ол Вашингтонның соғысты аяқтауға бағытталған кез келген бастаманы қолдайтынын жеткізді.
Мен екі тарапқа да бұл қақтығысты тоқтату қажеттігін ашық айттым. Ол үшін белгілі бір деңгейде ымыра қажет. Менің ойымша, олар соған келеді, – деп түйіндеді АҚШ президенті.
Бұған дейін Трамп АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы келісімге келуге жақын екенін мәлімдеген болатын.