"Ұлттың жаманы болмайды": Жәкішев күйеу баласын сынағандарға жауап берді

Ulysmedia
Фото: видеодан алынды

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевт желіде тұрмысққа шыққан қызына жазба арнады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Мұхтар Жәкішев желіде тұрмысққа шыққан қызына жазба арнап, жүрекжарды тілегін жазды. Айтуынша, қызы әкесіз бой жетіп, қиындықтарды бастан өткерген.

“5 маусым күні қызым Алтынайдың ұзату тойы өтті. Бұл – әрбір әке үшін ерекше әрі толқынысқа толы күн. Мен Алтынай үшін шексіз бақыттымын. Оның таңдауы кездейсоқ емес. Карл екеуі алты жылдан бері бірге, екі жыл бұрын ол арнайы келіп, менен батасын алған еді. Карлдың адамгершілігіне, еңбекқорлығы мен мақсаткерлігіне сенемін. Ең бастысы – қызымды шын жүректен сүйеді. Бұл тойдың мен үшін маңызы ерекше. Үлкен қызым тұрмысқа шыққанда түрмеде болдым, оған тек хат арқылы ақ тілегімді жолдай алдым. Ал бұл жолы қызымды өз қолыммен ұзатып, жүрекжарды сөзімді айту бақыты бұйырды. Мені тұтқындағанда Алтынай небәрі 9 жаста еді. Ол менсіз есейді, қиындықтарды бастан өткерді. Соған қарамастан білім алып, кәсіби журналист әрі табысты модель ретінде қалыптасты. Қызымның жетістіктерін мақтан тұтамын”, – деп жазды ол.

Сондай-ақ ол күйеу баласын сынағандарға жауап берді.

“Ұлтқа қарап емес, адамға қарап бағалау керек. Ұлттың жаманы болмайды, жаман адамдар болады. Карлдың отбасы маған жақсы әсер қалдырды. Олардың қызыма деген құрметі мен қамқорлығына ризамын. Мен үшін ең маңыздысы – қызымның бақытты болуы. Балаларымның таңдауын әрдайым құрметтеймін және қолдаймын. Өмірлерің ұзақ, адал әрі бақытты болсын! Қандай жағдай болса да, әкелерің әрқашан сендермен бірге”, – дейді Жәкішев.

АЛТЫНАЙ ЖӘКІШЕВА КІМ?

Айта кетейік, Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай Лондонда тұрады және модельдік бизнеспен айналысады. Оның әкесі Мұхтар Жәкішев 1998-2009 жылдар аралығында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясын басқарған болатын.

Бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің қызы Лондонда тұрмысқа шыққанын жазған болатынбыз.

Контекст

Еске салайық, «Қазатомпром» компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы ірі уран кен орындарындағы мемлекеттің үлесін сатып жіберді деген күдікке ілінді. 2010 жылы ірі көлемде ақша жымқырды және пара алды деген айыппен 14 жылға сотталды. 2020 жылы 19 наурызда 11 жылдан кейін қатаң режимдегі колониядан босап шықты.