Азат Перуашев Мәжіліс кулуарында «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасы қызметінен кетуін және бұл орынға Дания Еспаеваның тағайындалуын түсіндірді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Толығырақ
Оның айтуынша, кадрлық өзгеріске партия ішінде шамамен жарты жыл бойы дайындалған.
– Біз бәріміз қарапайым адамдармыз, әркімнің өз эмоциясы бар. Сондықтан бұл шешім белгілі бір деңгейде көңіл-күйге де әсер етті. Бірақ негізгі себеп ол емес. Сіздерге кішкентай құпия айтайын. Біз Дания Мәдиқызының кандидатурасын осы жылдың қаңтар айынан бастап дайындадық. Мен оның партия ішіндегі беделінің өте жоғары екенін байқадым, сондықтан осындай шешім қабылданды, – деді Азат Перуашев.
Сондай-ақ ол Дания Еспаева бастапқыда партияны басқару ұсынысын сақтықпен қабылдағанын, тіпті алаңдаушылық танытқанын айтты. Дегенмен партияластары, әсіресе ер азаматтар, оған толық қолдау көрсетуге уәде берген.
Азат Перуашев «саяси үзіліс» мүмкіндігін жоққа шығармады
Азат Перуашев алдағы саяси жоспарлары мен келесі сайлауларға қатысу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, түпкілікті шешімді партия съезі қабылдайды, алайда ол саясаттан уақытша үзіліс алу ықтималдығын да жоққа шығармады.
Саясаткер Мәжілісте төрт рет депутат болғанын атап өтіп, бұл кезеңді өзінің саяси тәжірибесінің толыққанды бөлігі деп санайтынын айтты. Оның пікірінше, ендігі кезекте партия ішінде аймақтардан келген жаңа кадрларға мүмкіндік беру маңызды.
Ол сондай-ақ депутаттық мандаты болмаса да, әріптестеріне қолдау көрсетуді жалғастыратынын жеткізді.
– Қандай жағдайда да мен өз серіктестеріме қажет болғанша көмектесемін. Егер тізімге енбесем де, бұл ешқандай трагедия емес. Партияда мені алмастыра алатын, әлі депутат болуға мүмкіндігі болмаған көптеген әріптестер бар. Соларға жол беру керек деп ойлаймын, – деді Азат Перуашев.
Сөз соңында ол депутаттық мәртебеге қарамастан «Ақ жол» партиясының мүшесі болып қала беретінін, себебі оның ұстанымдары партия бағдарламасымен үндес екенін атап өтті.