Жезқазғанда жаңа емхана ашылады

Ulysmedia
Фото: Жезқазған қаласы әкімдігі

20 маусым күні заманауи емхана құрылысының алғашқы тасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара Медицина қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды.

Ғимарат Жезқазған қаласының батыс бөлігінде соғылып жатқан жаңа ықшамауданында бой көтереді. Мұнда тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қатар жүргізіліп келеді. Бұл шағын ауданда 80-нен астам көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған, сондықтан бірінші кезектегі әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі аса маңызды. Құрылыс жұмыстары «Верный Капитал» компаниялар тобының құрамына кіретін Beeline цифрлық операторының қолдауымен жүзеге асырылады.

— Жезқазған қаласында бүгінде емхананың іргетасы қаланып жатқан Батыс аудан – облыстың келешек даму келбетін айқындайтын маңызды аумақ. Сондықтан бұл жерде қазіргі таңда ауқымды құрылыс және инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілуде. Мұнда 18 мыңға жуық тұрғын қоныстанады деп жоспарланып отыр. Осындай қарқынды дамып келе жатқан ауданда тәулігіне 250 келушіні қабылдайтын заманауи емхана тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттырады деп сенемін. Бұл нысан жаңа ауданның ғана емес, тұтас Жезқазған қаласының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі болады, – деді өңір басшысы Дастан Рыспеков.

Медициналық мекеменің жалпы ауданы 8,4 мың шаршы метрді құрайды. Үш қабатты емхана бір ауысымда 250 науқасқа дейін қабылдап, диагностикалық, амбулаториялық және профилактикалық көмек көрсете алады. Консультациялық-диагностикалық кабинеттер мен 15 орындық күндізгі стационармен қоса, жоспарда сәулелік диагностика бөлімшесі, клиникалық-диагностикалық зертхана, амбулаториялық хирургия орталығы және әйелдер консультациясы бар. Мекемеден дербес орналасқан ғимаратта тәулік бойы шақыртуларға жедел әрекет ете алатын 9 бригадалық жедел жәрдем станциясы жұмыс істейді.

Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін нысан Жезқазған қаласының басқаруына беріледі.

Бұл жоба Beeline атқарған әлеуметтік маңызы жоғары алғашқы жоба емес. Компания 2022 жылы 8 ауылдық тірек мектебін НЗМ стандарттарына сай жаңғыртуға қаржы бөлді, ал 2024 жылы Орал қаласында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 46 пәтер сатып алды. Сонымен қатар, Шелек ауылында 900 оқушыға арналған қазақ тілінде білім беретін мектеп салып берді.

— Қарқынды даму кезеңіндегі қалаға қолдау көрсету біз үшін өте маңызды заманауи жабдықтармен қамтылған, әрі қолжетімді медициналық қызметтер — халықтың әл-ауқатының негізгі факторларының бірі. Сондықтан осы салаға өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз.  Үш апта бұрын дәл осы ауданда біз «Шабыт» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығын аштық. Біз Қазақстандағы қайырымдылықтың ең жүйелі үлгілерінің бірін көрсетіп келеміз. Халықтың өмір сапасын арттыруға, өңірлердің тұрақты дамуын қолдауға және заманауи әлеуметтік инфрақұрылым құруға бағытталған жобаларға 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлдік. Жезқазғандағы жаңа емхана «Верный Капитал» компаниялар тобы мен Болат Өтемұратов қорының осы басым бағыттарын жалғастырады, – деді «Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақанов.

— Тең мүмкіндіктер – Beeline Қазақстан компаниясының басты құндылықтарының бірі. Телеком-оператор ретінде біз цифрлық теңсіздікті жою үшін байланыс желісін ең шалғай және шағын ауылдарға дейін жеткізуге ұмтыламыз. Әлеуметтік жауапты бизнес ретінде біз жезқазғандықтардың өмір сапасына оң әсер ете алатын жобаны жүзеге асыратынымызға қуаныштымыз, – деді Beeline компаниясының бас директоры Джаббор Каюмов.

Жаңа медициналық орталық құрылып жатқан ауданның негізгі әлеуметтік нысандарының біріне айналып, Жезқазғанның батыс бөлігіндегі мыңдаған тұрғынға қызмет көрсетеді. Емхананың ашылуы жаңа ықшамаудандағы тұрғын үй кешендері мен инженерлік инфрақұрылымның кезең-кезеңімен пайдалануға берілуіне сәйкес алдағы жылдарға жоспарланып отыр.