Әл-Фарабидағы жол апаты: Марқұмның әкесі Пактан 100 млн теңге өтемақы талап етті

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Әл-Фараби даңғылындағы жол апатында қаза тапқан үш адамның бірі — Томирис Қыдырбектің әкесінің қорғаушысы Мейірман Шекеева іс бойынша күдікті деп танылған Александр Пактан 100 миллион теңге моральдық өтемақы талап етіп, азаматтық арыз түсірді, деп хабарлайды Ulysmedia.

19 маусымда өткен сот отырысында Томирис Қыдырбектің әкесі Пакты кешірмейтінін айтып, одан ешқандай ақша алмайтынын айтқан.

Сот Томиристің әкесін жәбірленуші деп таныған. Бұған дейін сотта марқұмның анасы сотталушы Пакты кешіріп, ешқандай талап-арызы жоғын айтқан.

Прокурор өтінішті қанағаттандыруды сұрады.

Ал Александр Пактың адвокаты қарсылық білдірді. Ол Томирис Қыдырбектің анасына өтемақы төленгенін алға тартты. Пактың өзі адвокатын қолдайтынын айтты.

АЙЫПТАУ 

Айыптау актісіне сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак жол апаты болған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X көлігін тізгіндеп, әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатқан.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ол мас күйде болған, жол қозғалысы ережелерінің бірден бірнеше тармағын бұзған, қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған, қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан.

Александр Пактың қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталған. Сондай-ақ соттың автотехникалық сараптама дерегінше, соқтығыс сәтіне дейін Zeekr X көлігінің жылдамдығы шамамен сағатына 219 шақырым болған.

– Жол апаты салдарынан оқиға орнында Mercedes-Benz C300 көлігінің жүргізушісі, 1996 жылы туған Еламан Тілемісов және оның екі жолаушысы – 2003 жылғы Құмар Теңеубаева мен 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек қаза тапты, – делінген айыптау актісінде.

Күдікті Александр Пакке қылмыстық кодекстің 345-1 4-бабы бойынша айып тағылған. 

ЖОЛ АПАТЫ

21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби және Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында Zeekr Xавтокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300  көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан үш адам қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, кейіннен қалалық полиция департаментінің бірнеше лауазымды шендісі қызметінен кеткен.

Сол уақытта желіде әл-Фараби көшесінде Қымбат көліктер мемлекеттік нөмірін ауыстырып, қалада жарыс ұйымдастырады деген ақпарат тараған.