Әл-Фарабидегі жол апаты: Прокурор Александр Пакты 10 жылға соттауды сұрады

Ulysmedia
Ulysmedia.kz

Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына байланысты сот процесінде жарыссөз басталды. Айыптаушы прокурор іс бойынша күдікті деп танылған Александр Пакты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.

ТОЛЫҒЫРАҚ

22 маусымда өткен сот отырысында прокурор Александр Пактың кінәсі толықтай дәлелденгенін айтып, оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

- Құрметті сот, сотталушының жеке басына назар аударуыңызды сұраймын. Бұл оқиға Пак үшін кездейсоқ жағдай немесе тағдырдың тәлкегі емес. Бұған дейін оның жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Мемлекет ізгілік танытып, оған тоқтап, рөлдегі қауіпті әрекетінің салдарын түсінуге және тиісті қорытынды жасауға мүмкіндік берді.

Алайда ол мұндай қорытынды жасамады. Ережелерді елемеуді әдетке айналдыруы, өзін өзгелерден ерекше санауы ақыр соңында апатқа алып келді. 

Құрметті сот, бұл іс бір ғана сотталушының тағдырынан әлдеқайда ауқымды маңызға ие. Рөлге отырған әрбір адам айналасындағылардың өмірі үшін жауапкершілік алады. Мас күйде көлік жүргізіп, жылдамдықты асырған адамның қолындағы автомобиль өлім  құралына айналады.

Бүгін қоғамымызда қарапайым қағида орнығуы тиіс: алкоголь мен көлік үйлеспейтін нәрсе, ал жылдамдық  ерлік емес, жауапкершіліктің өлшемі. Осы іс бойынша шығарылатын үкім жолды өзін көрсету алаңы деп санайтын әрбір адамға анық ескерту болуы керек. Өзгенің өмірі үшін заңның бүкіл қатаңдығымен жауап беруге тура келеді. Ар-ұят та, ақыл-парасат та тоқтата алмаған адамдарды тек бұлтартпас әрі әділ жаза ғана тоқтата алады.

Тағайындалатын жаза әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруді, сотталған адамның түзелуін қамтамасыз етуді ғана емес, сонымен қатар сотталушының өзі және өзге де адамдар тарапынан жаңа құқық бұзушылықтардың жасалуын болдырмауды көздейді. Қаза болған Еламан, Хумар және Томиристің рухына деген құрмет бізді принципшіл болуға міндеттейді.

Заң, атап айтқанда Қылмыстық кодекстің 52-бабы, жаза тағайындау кезінде әділ жаза белгілеуді және қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайларды ескеруді міндеттейді. Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған балалардың асырауында болуы — жазаны жеңілдететін мән-жай болып табылады.

Қылмыстық кодекстің 54-бабында көзделген жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Өйткені алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқарып, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған әрекет Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігінің диспозициясымен қамтылған және қылмыстық құқық бұзушылықтың саралаушы белгісі ретінде ескерілген.

Сонымен қатар жаза тағайындау кезінде Қылмыстық кодекстің 55-бабының ережелері (санкцияда көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау) қолданылмайды, өйткені заң талаптарына сәйкес олар ауырлататын мән-жайлар қылмыстық құқық бұзушылықтың белгісі ретінде көзделген жағдайларға қолданылмайды.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 337-бабын басшылыққа ала отырып, соттан сұраймын:

Пак Александр Олеговичті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-1-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп тануды;

Оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеуді, сондай-ақ көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айыруды;

Осы үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын күшінде қалдыруды;

Пактың қамауда болған уақытын жаза өтеу мерзіміне есептеуді;

Жәбірленушілерге өтемақы қорына 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндіруді;

Іс бойынша заттай дәлелдемелердің тағдырын Қылмыстық-процестік кодекстің 118-бабына сәйкес шешуді, – деді прокурор.

Жәбірленушілер бұған дейін Пакқа кешірім беріп, ешқандай талап-арыздары жоғын айтып, оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.

19 маусымдағы сот процесінде жол апатынан қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі Александр Пакқа кешірім бермейтінін, одан ешқандай ақша алмайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ ол Таразда сотталушының әкесімен кездесіп, «ұлыңызды дұрыс тәрбиелей алмадыңыз» дегенін айтты. Бұрын арнайы жасақта қызмет еткен ер адамның сөзінше, мәйітханада қызының быт-шыт болған бас сүйегінің бөліктерін өзі жинауға мәжбүр болған.

Ол қызының жерлеу рәсімімен айналысып жүрген кезде бұрынғы жұбайы полицияға барып, Пактың туыстарынан ақша алғанын айтты.

«Мен Пакты ешқашан кешірмеймін. Томирис – тұңғыш қызым еді. Анасы екеуміз ажырасқанымызбен, балаларыммен қарым-қатынасымды үзген жоқпын. Томиристі жекеменшік мектепке өзім орналастырып, оқу ақысын төлеп жүрдім. Қайтыс болардан бір күн бұрын телефонмен сөйлестік. Ол үйге келіп наурыз көже ішетінін айтты. Апат болған түні маған бірінші болып полиция хабарласты. Мен жерлеумен жүргенде бұрынғы әйелім Пакты кешіріп қойыпты. Мен оны ешқашан кешірмеймін. Қызымды мәйітханада көргенде бас сүйегі быт-шыт болған, денесінде көптеген жарақат болды. Мұны өз көзіммен көргеннен кейін қалай кешіруге болады?» – деді Томиристің әкесі.

Ол соттан өзін жәбірленуші деп тануды сұрады. Судья өтінішті қанағаттандырды.

Оқи отырыңыз: Әл-Фарабидағы жол апаты: Томирис Қыдырбектің әкесі Александр Пактан 100 млн теңге өтемақы сұрады

АЙЫПТАУ

Айыптау актісіне сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак жол апаты болған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X көлігін тізгіндеп, әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатқан.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ол мас күйде болған, жол қозғалысы ережелерінің бірден бірнеше тармағын бұзған, қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған, қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан.

Александр Пактың қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталған. Сондай-ақ соттың автотехникалық сараптама дерегінше, соқтығыс сәтіне дейін Zeekr X көлігінің жылдамдығы шамамен сағатына 219 шақырым болған.

– Жол апаты салдарынан оқиға орнында Mercedes-Benz C300 көлігінің жүргізушісі, 1996 жылы туған Еламан Тілемісов және оның екі жолаушысы – 2003 жылғы Құмар Теңеубаева мен 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек қаза тапты, – делінген айыптау актісінде.

Күдікті Александр Пакке қылмыстық кодекстің 345-1 4-бабы бойынша айып тағылған.

ЖОЛ АПАТЫ

21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби және Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында Zeekr Xавтокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300  көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан үш адам қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, кейіннен қалалық полиция департаментінің бірнеше лауазымды шендісі қызметінен кеткен.

Сол уақытта желіде әл-Фараби көшесінде қымбат көліктер мемлекеттік нөмірін ауыстырып, қалада жарыс ұйымдастырады деген ақпарат тараған.