Астанада жылу тарифі қымбаттауы мүмкін

Ulysmedia
Pixabay.com

Астанадағы екі жылу өндіруші компания коммуналдық тарифтерді көтеру туралы өтініш берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Monopolist.kz тарифтерді реттеу порталының мәліметінше, өзгерістер 16 шілдеден бастап күшіне енуі мүмкін. Тарифті көтеруді Астана-Энергия және Астана-Теплотранзит компаниялары сұраған.

«Астана-Энергия» түсіндірмесінде 1 сәуірден бастап жыл соңына дейін бекітілген тариф компанияның жылу энергиясын өндіруге жұмсайтын шығындарын жаппайтынын мәлімдеген.

Компанияның айтуынша, халықты жылумен қамтамасыз ету үшін Астана әкімдігі жылыту маусымына қажетті отын сатып алуға субсидия бөліп келеді. Мәселен, былтыр бұл мақсатқа 21 млрд теңге бағытталған. Ал жылу өндіруге кеткен нақты шығын 46 млрд теңге болған.

Компания шығындардың өсуіне отын бағасының қымбаттауы, қазандықтарды ұстау шығындары, салықтардың артуы және инфляция әсер еткенін атап өтті.

Ал «Астана-Теплотранзит» жылу энергиясын сатып алу бағасы оны өткізу тарифінен төмен екенін мәлімдеді. Сәуірден желтоқсанға дейін тариф айырмашылығына байланысты компания 595 млн теңге шығынға ұшырайды. Сонымен қатар тарифтік сметада қала меншігінен компания балансына берілген мүлікке салынатын салықтар ескерілмеген.

ТАРИФ ҚАНШАҒА ӨСЕДІ?

«Астана-Энергия» өз қызметі бойынша тарифті бір гигакалория үшін 2941,54 теңгеден 3439,42 теңгеге дейін көтеруді ұсынған. Бұл – 16,9 пайыздық өсім.

Ал «Астана-Теплотранзит» тарифті 12,63 пайызға арттырып, бір гигакалория құнын 6381,08 теңгеге жеткізуді сұраған.

Егер тариф көтеру туралы шешім мақұлданса, астаналықтардың түбіртектеріндегі сома тамыз айынан бастап өзгеруі мүмкін.