Сотталған блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың отбасына тиесілі автопарк мемлекеттік органдардың теңгеріміне берілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
МӘН-ЖАЙ
7 шілдеде мемлекеттік аукцион алаңында блогерлер Жанәбіловтер отбасынан тәркіленген 2025 жылы шығарылған сегіз Hyundai Elantra автокөлігі бойынша сауда аяқталды. Аукцион қорытындысы бойынша барлық көлік мемлекет меншігіне өтті.
Алайда бұл автокөліктердің нақты қай мемлекеттік органдарға берілгені жарияланған жоқ.
Бұған дейін бұл көліктерді қарапайым азаматтардың сатып ала алмайтыны белгілі болған еді. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, тәркіленген көліктер құқық қорғау органдарына, арнайы қызметтерге, жекелеген мемлекеттік органдарға және басқа да мемлекеттік мекемелерге беріледі.
Барлық автокөлік бұрын Zhana Business ЖШС-нің атына тіркелген. Көліктердің айырмашылығы тек түсінде ғана: үшеуі көк, екеуі қызыл, сондай-ақ бір-бірден қара, ақ және сұр түсті.
Әрбір Hyundai Elantra шамамен 8,4 млн теңгеге бағаланған. Тәркіленген сегіз көліктің жалпы құны шамамен 67 млн теңге болады.
ҮКІМНЕН КЕЙІН ТӘРКІЛЕНДІ
2026 жылғы 27 сәуірде Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі аяқталды.
Сот оларды заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Ерболат Жанәбілов кінәсін жартылай мойындап, екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Ал Эльмира Төлегенова кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазасын өтеу екі жылға кейінге қалдырылып, ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін екі жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енгеннен кейін ерлі-зайыптының мүлкінің бір бөлігі мемлекет пайдасына тәркіленді. Сол мүліктің қатарында сегіз жаңа Hyundai Elantra автокөлігі де бар.