Иаков Воронцов психиатриялық ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылды

Ulysmedia
Facebook/ Иаков Воронцов

Бұрынғы діни қызметші Иаков Воронцов психиатриялық ауруханадан қайтадан тергеу изоляторына ауыстырылды. Бұл жөнінде Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросы жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Бюро мәліметінше, дәрігерлер Иаков Воронцовтың денсаулығынан ешқандай психикалық ауытқулар анықтамаған және оны мәжбүрлі емдеуге ешқандай негіз жоқ деген қорытындыға келген. Осыған байланысты ол ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылған.

Бұдан бөлек, бюро мәліметінше, Ұлттық алдын алу механизмі тобының Алматы облысы бойынша жетекшісі Максим Кудрявцев қызметінен шеттетілген.

Контекст

Иаков Воронцов биыл ақпаннан бері қамауда отыр. Алматының әкімшілік соты оны «есірткі заттарын медициналық мақсаттан тыс пайдаланғаны үшін» кінәлі деп танып, 10 тәулікке қамаған.

Кейіннен оған қылмыстық кодекстің 302-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және осы мақсаттар үшiн үй-жайлар беру» және 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша айып тағылған.

Воронцов бұған дейін ашық саяси мәлімдемелерінен кейін қудалауға ұшыраған. Атап айтқанда, ол Ресейдің Украинаға басып кіруін сынға алып, Қазақстанда тәуелсіз православ шіркеуін құру бастамасын көтерген болатын.

Иаков Воронцовтың өзі тағылған айыппен келіспейді. Ол абақтыдан жазған хатында тағылған айып пен өзінің қамалуын саяси ұстанымымен байланыстырған.