Есет Байкен Ұлытау облысының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Тиісті жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
– Мемлекет басшысының жарлығымен Есет Берікұлы Байкен Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды, – делінген құжатта.
ЕСЕТ БАЙКЕН
1986 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық-заң университетінде «Қаржы» мамандығы бойынша білім алған, сондай-ақ Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Құқықтану және қаржы салалары бойынша бакалавр дәрежесіне ие.
Еңбек жолын Астананың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бастаған. Әр жылдары қала әкімдігінің құрылымдарында түрлі лауазымдар атқарып, Астана әкімінің аппараты мен Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінде қызмет етті.
2019 жылы Қарағанды облысы Нұра ауданының әкімі болып тағайындалды. Кейін Нұр-Сұлтан әкімінің аппаратына жетекшілік етіп, «Сарыарқа» ауданының әкімі қызметін атқарды.
2022 жылдың ақпан-қыркүйек айларында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары болды. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап Астана әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді. Оның жетекшілік ететін бағыттары – ішкі және жастар саясаты, қоғамдық-саяси тұрақтылық, қоғамдық келісім, дін саласы, білім беру, мәдениет, тілдерді дамыту, архив ісі және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері.
КАДРЛЫҚ АУЫС-ТҮЙІСТЕР
Бүгін президент жарлығымен Дастан Рыспеков Ұлытау облысының әкімі қызметінен босатылды. Ал оның алдында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов те қызметінен кеткен еді. Оның орнына экс-министр Болат Ақшолақов тағайындалды.