Қаскелеңдегі перзентханада шала туған үшемнің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр

Ulysmedia
Polisia.kz

28 жастағы Айдана Оразбаева жүктіліктің алтыншы айында үшемді дүниеге әкелген. Екі нәресте бірден шетінеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Үшінші сәбидің қайтыс болғанын әкесі кездейсоқ білген, деп хабарлайды КТК. Қазір қайғыдан қан жұтып отырған ата-ана ұлдарының денесін беруді сұрап, оқиғаны жан-жақты тергеуді талап етіп отыр.

Туыстарының айтуынша, дәрігерлер әйелге кесарь тілігін жасауды ұсынған, алайда медицина қызметкерлері босануды табиғи жолмен жүргізуге шешім қабылдаған. Отбасы балалардың өлім себептерін анықтап, ДНҚ сараптамасы үшін эксгумация жасауды талап етіп отыр. Олар полицияға арыз беріп, кінәлілерді жауапқа тартуды сұраған.

— Бізге кесарь тілігі жасалуы керек болғанын айтты. Бірақ неге екені белгісіз, Айдананы өзі босануға мәжбүрлеген. Таңертең ол күйеуіне екі баласының қайтыс болғанын өзі жазған. Ал үшінші сәби жансақтау бөлімінде жатыр деп айтты. Біз екі сәбиді жерлеуге кеттік. Кейін үшіншісінің де қайтыс болғанын білдік. Неліктен дәрігерлер бізден оны жасырды? — дейді туысы Жазира Төлешова.

Дәрігерлер барлық әрекет қолданыстағы хаттамаға сәйкес жасалғанын айтып, жаңа туған нәрестелердің жағдайы өте ауыр болғанын мәлімдеді.

— Жүктіліктің 25 аптасында үшемді босану — өте қиын жағдай, ол шұғыл медициналық көмекті қажет етеді. Туылған кездегі салмағы 500 грамға дейінгі нәрестелердің өмір сүру қабілеті өте төмен саналады. Бұл кезде өмірлік маңызды ағзалар, әсіресе өкпе мен орталық жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді, — деп хабарлады Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасының баспасөз қызметі.

Үшемнің нақты өлім себебі сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.