Министрлік емтиханнан құлаған резидентура түлектерінің уәжіне не деп үн қатты

Ulysmedia
inbusiness.kz

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі резидентура түлектері қорытынды аттестаттаудан жаппай өте алмағаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Түлектердің 96,5 пайызы емтиханнан өткен

Ведомствоның хабарлауынша, қорытынды аттестаттаудың екінші кезеңіне 3 684 резидентура түлегі қатысқан. Оның 3 540-ы немесе 96,5 пайызы емтиханды сәтті тапсырып, өз біліктілігін растаған. Ал шекті деңгейден өте алмағандар саны 134 адам немесе 3,5 пайыз болған. Орташа нәтиже – 80,7 балл.

Министрлік кейінгі күндері әлеуметтік желілерде емтихан нәтижесіне наразы болған жекелеген түлектердің жазбалары тарағанын атап өтті. Осыған байланысты емтиханды өткізу тәртібі, тапсырмалардың мазмұны және бағалау жүйесіне жан-жақты талдау жүргізілген.

Тексеру қорытындысы бойынша қорытынды аттестаттау қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес өткізілген. Ал емтихандық кейстер бекітілген спецификациялар негізінде әзірленіп, тестологиялық, әдістемелік және мазмұндық сараптаманың бірнеше кезеңінен өткен. Сараптамаға жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың өкілдері қатысқан.

Министрлік қандай шағымдарға жауап берді?

Ведомство мемлекеттік тілдегі тапсырмаларға қатысты айтылған сындарды да тексерген. Министрліктің мәліметінше, барлық материал дербес мазмұндық және лингвистикалық сараптамадан өткен, ал сөзбе-сөз аударылған немесе бейімдеусіз берілген тапсырмалар анықталмаған.

Бұдан бөлек, ақпараттық жүйеге жүргізілген талдау шекті деңгейден өте алмаған түлектердің басым бөлігі емтиханға берілген 90 минуттың толық уақытын пайдаланбағанын көрсеткен. Көп қатысушы жұмысты ерте аяқтап, жауаптарын қайта қарап шығу мүмкіндігін қолданбаған.

Министрлік емтихан кезінде әрбір түлек нақты тапсырмалар бойынша ақпараттық жүйе арқылы апелляция бере алғанын, барлық өтініш Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына жіберілгенін хабарлады.

Сондай-ақ ведомство қорытынды аттестаттаудан өте алмаған түлектердің алаңдаушылығын түсінетінін, алайда барлық үміткер үшін тең жағдай мен заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті екенін мәлімдеді. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес шекті деңгейден өте алмаған түлектер 6 айдан кейін қорытынды аттестаттаудан қайта өте алады.

Контекст

Бұған дейін Қазақстан бойынша жүзден астам медицина резиденті мемлекеттік емтиханның екінші кезеңінен өте алмай қалғанын мәлімдеп, емтихан нәтижесіне наразылық білдірген болатын. Болашақ дәрігерлер мұны өз білімінің жетпегенінен емес, тест тапсырмаларындағы кемшіліктермен байланыстырған.

Қазақ тілінде емтихан тапсырған түлектердің айтуынша, көптеген сұрақ орыс тілінен сөзбе-сөз аударылғандай көрінген. Соның салдарынан тапсырмалардың мазмұны түсініксіз болып, қазақ тілінде тест тапсырғандардың арасында емтиханнан өте алмағандар көп болғанын айтқан.

Сонымен қатар Алматы, Қарағанды, Түркістан, Семей және Батыс Қазақстандағы медицина университеттерінің түлектері емтиханда өз мамандықтарына қатысы жоқ сұрақтар кездескеніне шағымданған. Мәселен, онкология резиденттері инфекциялық ауруларға қатысты сұрақтар берілгенін, ал радиология бағытын таңдаған студенттерге сапасы төмен медициналық суреттер ұсынылғанын жеткізген.

Резиденттердің сөзінше, емтихан қорытындысында нақты қай сұрақтан қате жібергені көрсетілмеген. Сондықтан олар өз жауаптарын тексеріп, қатесін талдай алмаған. Апелляцияға жүгінгенімен, мәселе шешілмегенін айтқан.

Түлектер мемлекеттік емтиханнан өте алмаған жағдайда кемінде алты ай бойы диплом ала алмайтынын және осы уақыт ішінде жұмысқа орналаса алмайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар олардың айтуынша, емтиханның кейбір сұрақтары алдын ала әлеуметтік желілерде тарап кеткен.