Үйін сағынған: Өскеменде әскери бөлімнен қашып кеткен сарбаз табылды

Ulysmedia
әлеуметтік желі

Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімнен өз еркімен кеткен мерзімді әскери қызметші табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz ҚР Қарулы күштері Әскери полициясының бас басқармасына сілтеме жасап.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әскери полиция қызметкерлері қатардағы жауынгер Айқын Мархан облыс орталығынан 20 шақырым қашықтықта ұстаған. Қазір әскери қызметші әскери полиция бөліміне жеткізілді. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

– Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, сарбаздың әскери бөлімді өз еркімен тастап кетуіне үйін сағынуы себеп болған, – делінген хабарламада.

Тексеру барысында әскери қызметші командирлер мен бірге қызмет атқарып жүрген сарбаздар тарапынан жарғылық емес қарым-қатынас немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері болмағанын айтқан.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, бұған дейін Өскеменде 22 жастағы мерзімді әскери қызметші Айқын Мархан іздестіріліп жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Ол 2004 жылы туған, №27943 әскери бөлімінде борышын өтеген.

Алдын ала мәлімет бойынша, 23 шілде күні таңғы сағат 06:30 шамасында әскери қызметші зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймасында тәуліктік кезекшілікте болған. Кейін ол әскери бөлім аумағынан өз еркімен шығып кеткен.